Пәкістанның бағдарламалық қызмет экспорты алғаш рет 1 млрд доллардан асты
Пәкістанның бағдарламалық қызмет экспорты алғаш рет 1 млрд доллардан асты
5 ай бұрын 681 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Пәкістанның бағдарламамен қамтамасыз ету экспорты соңғы бірнеше жылда тоқтаусыз өсіп келеді – аталған ел тарихында алғаш рет 1 млрд доллардан асты. 11 ай ішінде. Бұл жайында islam.kz порталы Daily Times ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Оқырманға түсінікті болу үшін бағдарламамен қамтамасыз ету дегеніміз не? Алдымен соған қысқаша тоқтала кетпекпіз: компьютер мен өзге де есептеу құралдарында түрлі сала (бизнес, білім беру, денсаулық сақтау, ойын-сауық, т.б.) бойынша жұмыс істеуге қолайлы алгоритмдерді қалыптастыру, деректер жиынтығы, пайдаланушының міндеттері мен мақсаттарын компьбтер ресурстарымен орындауға көмектесетін қызмет түрі. Бұл сала технологиялық дағды мен машықты талап етеді. Пәкістанның мемлекеттік банкі (SBP) жариялаған мәліметке сәйкес ел осы қаржы жылының шілде-мамыр айлары аралығында бағдарламалық қызметтер экспорты есебінен 1,01 млрд доллар шамасында шетел валютасымен табыс тапты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңінде тіркелген 793 млн доллар көрсеткішімен салыстырғанда 27,4% -ға артық. Ақпараттық технологиялар (ITeS) саласындағы қызметтер экспортының жалпы ауқымы аталған мерзімде 3,47 млрд долларға жеткен; оның ең көп үлесі бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша кеңестік сипаттағы қызметтерге тиесілі (29,1%). Пәкістан бағдарламалық жасақтама өндірушілер қауымдастығының (P @ SHA) аға вице-төрағасы Мұхаммед Өмеір Низам Business Recorder агенттігіне бағдарламалық жасақтама бойынша консултациялық қызметтер елдің ақпараттық технологиялар индустриясының басты бағыты болып қалатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, үкімет пен инвестицияға жәрдемдесу жөніндегі арнайы кеңес (SIFC) жаңа нарықтарды, соның ішінде Парсы шығанағы елдерін, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығын (АСЕАН) және еуропалық өңірді белсенді түрде зерттеуде. Орталық банк жариялаған мағлұматқа сенсек, ақпараттық технология секторы компьютерлік бағдарламамен қамтамасыз етуден 534 млн доллар, колл-орталықтардан 298 млн доллар және телекоммуникациялық қызметтерден 199 млн доллар пайда көрген. АТ (ақпараттық технология) экспорттаумен айналысатын SI Global Solutions бас директоры доктор Номан Саид АТ экспортының мөлшері және АТ-пен байланысты қызметтердің сапасы Ат компанияларының қызметіне байланысты екенін жеткізді. Осылай деген ол жасанды зерде мүмкіндіктерімен және өзге де жоғары технологиялы құралдармен АТ компаниялар өз қызметін үйлестіріп, трансформациялау қажеттігіне тоқталды. Өйткені, жасанды зерде компаниялар мен білікті мамандарға деген сұранысты кемітуде. Ат компаниялар шетел нарығында мегажобаларды жүзеге асырып үйренуі керек. Пәкістан билігі алдағы уақытта АТ қолданбалары мен қосымшаларының экспортын 4 млрд долларға дейін арттыруды көздеп отыр.

0 пікір
Мұрағат