Қоршаған орта ластануынан жыл сайын 9 млн адам өледі
Қоршаған орта ластануынан жыл сайын 9 млн адам өледі
8 жыл бұрын 4970

Жыл сайын бүкіл әлем бойынша адам өліміне ең көп әсер ететін фактор анықталды. Бұл көпшілік ойлағандай ЖИТС, туберкулез, безгек ауруы, соғыс, табиғи апат, аштық, темекі емес, ауаның, судың, жалпы, қоршаған ортаның ластануы болып шықты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі forbes.com-ға сілтеме жасап. 

Қоршаған орта ластануының адам өміріне әсері туралы соңғы жүргізілген зерттеу баяндамасында бұл фактор жаһандық ЖІӨ-нің 6 пайызын, яғни, жылына 4 триллион долларды құрайтыны айтылған.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қоршаған ортаның ластануынан пайда болған аурулар кесірінен жыл сайын 9 млн адам мезгілсіз қайтыс болады. Бұл соғыс нәтижесінде өлетін адамдардан 20 есе көп.

«Қоршаған ортаның ластануы туралы көптеген зерттеулер жүргізілді. Бірақ олардың ешқайсысы климаттың өзгеруі, ЖИТС секілді басқа да көрсеткіштерді ескермеді», дейді Зерттеу жетекшісі және баяндама авторы, АҚШ-тағы ең ірі Маунт-Синай медицина мектебінің Жаһандық денсаулық бөлімінің басшысы Филипп Ландриган.

Баяндамада қоршаған ортаның ластану проблемасымен Қытайдың етене таныстығы айтылған. Себебі Қытайда жыл сайын 300 мың адам тек көмір электр стансаларынан шыққан токсинді қалдықтар кесірінен көз жұмады. Сонымен қатар бұл елде кремний диоксиді, компьютер чиптері мен күн батареялары өндірісінің қалдықтары тұрғындардың денсаулығына ең көп кері әсер ететін фактор саналады.

Зерттеу қорытындысында Оңтүстік Азия мен Африканың кедей елдерінде қоршаған орта ластануынан болған өлім-жітім саны ең көп екені айтылған. Бұл елдердің көбінде, әсіресе, Үндістанда барлық өлімнің төрттен бірі қоршаған ортаның ластануынан болады.

Кедейліктен құтылу үшін – энергетика керек, бірақ, ол қоршаған ортаны ластап отыр

Бір қызығы, бұл кедей елдер ең көп қауіпті қалдық шығаратын салаларды – энергетиканы, өндірісті, пайдалы қазбалар алуды дамытпай, кедейліктен құтыла алмайды. Бұл БҰҰ-ның адамзатты дамыту индексіне енгізілген концепция. Онда адам өмірін жақсарту үшін басты қажеттіліктердің бірі энергия екені айтылған. Дәл осы индекс бойынша Қытай 1992 жылы 600-ге жуық көмір электр стансасын, көптеген гидроэлектр және басқа да энергия көздерін алатын стансалар салған.

Сол арқылы Қытай 500 млн адамды орта тап қатарына қосты. Бірақ бұл жыл сайын 300 мың адамның өліміне әкелді. Сонымен қатар миллиондаған адамдардың денсаулығына кері әсер етіп, денсаулық сақтау саласына салмақ түсірді. Қытай энергетикалық жүйесін өзгертіп, көмірден бас тартуға тырысып та көрген. Бірақ Қытайда әлі 800 млн адамға орта тапқа өту үшін жыл сайын сағатына 2 трлн квт энергияға қажеттілік бар. Бір ескере кетерлігі, 2020-2040 жылдар аралығында Қытайда 3 млрд адам өмірге келсе, тағы жылына 9 трлн квт /сағ энергияға қажеттілік туады.

Яғни, жаһандық кедейлікті жою үшін басты қажеттілік энергия болып тұрғандықтан, оны адамдарға жеткізбеу этикаға жатпас еді. Бірақ қоршаған ортаның ластануының алдын ала отырып өндіріс салаларын дамыту үшін одан да көп энергия қажет.

Бұл проблеманы шешу үшін Халықаралық энергетикалық агенттік, БҰҰ тұрақты шешім жүйесі, экономика мен климат бойынша жаһандық комиссия жер энергиясы, күн батареяларымен қоса ядролық энергияны үш есе арттыру керек деген мәселе бойынша ортақ шешімге келе алмай келеді.

Барлық жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, басқа энергия көздеріне қарағанда көмір адам өліміне 10 есе көп әсер етеді. Әсіресе, көмір зауыттарынан шығатын ұсақ токсинді бөлшектердің зияны көп.

Америкада «Таза ауа туралы заң» бар

Мақалада қоршаған ортаның ластану проблемасы Америкадан гөрі, басқа мемлекеттерде басымырақ екені айтылған. Себебі АҚШ-та «Таза ауа туралы заң» бар.

Мамандардың айтуынша, АҚШ-тың таза ауа туралы заңы көптеген америкалықтардың өмірін құтқаруға оң әсер етті. Салыстыру үшін айта кетсек, жыл сайын Қытайда көмірдің кері әсерінен 300 мың адам өлсе, Америкада 15 мың адам қайтыс болады.

0 пікір
Мұрағат