Қырғызстанда анайы сайттарға жол жабылды
|

Қырғызстанда анайы сайттарға, дәлірегі, порнографиялық контенттер қамтылған сайттарға кіруге тыйым салынатын заң жобасы қабылданды. Бұл жайында islam.kz порталы Қазақпаратқа сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш заң жобасын 60 депутат қолдап, дауыс берген. Құжат екінші және үшінші оқылымда мақұлданған. Енді Қырғыз президенті Садыр Жапаров қол қоюы тиіс. Мемлекет басшысы қол қойған сәтінен бастап құжат ресми қолданысқа енеді. Заңда анайы контентті жариялағандар мен таратқандарға жауапкершілік қарастырылған. Мұндай контент иесі шағым түскен сәттен бастап 24 сағатта жоюы керек, яғни, бір тәулік мұрсат беріледі. Бас тартқан жағдайда сайттың жұмысына екі айға дейін тыйым салынады әрі тыйым салынған сайттың қожайынына немесе иесіне жаңа сайт ашуға рұқсат етілмейді. Тек анайы контентті жойғаннан кейін ғана заң бұзушының интернеттегі ресурсына кіруге рұқсат етіледі, яғни, сайт жұмысын сот үкімімен жандандыра алады. Қырғыз билігі мұндаай қадамға елдегі жастардың рухани әрі өнегелі құндылықтарын сақтау үшін барып отыр.




