Қырғызстанда ислами қаржы шапшаң дамып келеді
|

Қырғызстанда ислами қаржыға деген сұраныс күрт артып кеткен. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде«Российская газета» мерзімді басылымына жөн сілтеген IslamNews ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қырғыздың орталық банк келтірген дерекке қарағанда, биылдың өзінде, яғни, жыл басынан бері ислам қаржысына сұраныс 50 пайызға өскен. Ислами банкинг кәдімгі банктерге қарағанда мейлінше танымал әрі тартымды мекемеге айналған. Өткен жылы (2024) ислам қаржысының бұл елдегі нарығы 10 млрд сомнан асқан, яғни, 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 45 пайызға өскен. Ал биыл жарты жылға жетер-жетпес уақытта 12,1 млрд сомға (33,6 пайызға) артқан. Өсім ислам қаржысының барлық саласында байқалып отыр. Ең көп өсім тұтыну несие саласында орын алған. Жыл басынан бері ел тұрғындары шамамен 2,4 млрд сомға ислами қаржы құрылымынан түрлі қажеттілігіне қаржы алған. Бұл көрсеткіш осы саладағы өткен жылмен салыстарғанда 49,9 пайызға артық. Тұтыну мақсатынан бөлек, баспана үшін, яғни, ислам ипотекасы 4,3 млрд сомға жеткен. Жыл басынан бұл сегмент 32,8 пайызға артқан. Бұдан бөлек, бизнесті қаржыландыруда ислам қаржысының деңгейі едәуір артқан және тұрақты өсу үстінде. Ең көп өсім сауда-саттықта (жыл басынан бері 26,6 пайыз), ауыл шаруашылығында (26,7 пайыз) және құрылыста (12,9 пайыз) тіркелген. Өнеркәсіптік жобаларға бөлінген қаражат мөлшері жыл басынан бері 400 миллион сомға жетіп, 8,9 пайызға артты. Ұлттық банк исламдық қаржы қызметтерінің өсіп келе жатқан танымалдығы банк пен клиент арасындағы өзара қарым-қатынастың түбегейлі өзгеше құрылымына байланысты, деп есептейді. "Дәстүрлі банкингте клиент несие түрінде ақша алады немесе салымды орналастырады. Ислам банкингінде ақшаны емес, нақты активті ұсынады немесе клиентпен серіктестік қатынасқа басымдық беріледі. Мұндай қаржы өнімдерінің құрылымы күрделі болуы мүмкін, алайда, адамға кең таңдау беріледі ", - дейді ҚР ҰБ ислам қаржы өнімдері бөлімінің бастығы Самара Майташова. "Республика заңнамасында оннан астам исламдық қаржы өнімдері қарастырылған, бұл түрлі мүмкіндіктердің барын білдіреді. Бүгінде елімізде толыққанды ислам банкі, қолданыстағы "ислам терезелері" бар тағы төрт банк, сондай-ақ ислам қағидаттарын пайдаланатын 10 банктік емес қаржы-несие ұйымы жұмыс істейді ", - деп атап өтті ол.




