|
Қытай криптовалютаға салған тыйымның күшін жояды
|
Қытай билігі биылдан қалмай, дәлірегі, жыл соңына таман биткоинді заңдастыру үшін криптовалютаға қатысты тыйымның күшін жоюды көздеп отыр. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде coinedition.com ақпарат көзіне жөн сілтеген cryptonews.net ресурсына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қытайдың халық банкісінің қаржылық тұрақтылыққа қатысты соңғы есебінде келтірілген мәліметке қарағанда, қытай билігі криптовалютаға қатысты ұстанымын жұмсартады. Осы орайда 2023 жылы Гонконгтың криптовалютамен сауда жасауды заңдастырғанын айта кетпекпіз. Бұл шара өз кезегінде инвесторларға цифрлы активке жол ашты. Артынша Шанхай мегаполисі биткоинді мойындады. Бұған қоса, қытай үкіметі пайыздық мөлшерлемені төмендету арқылы қаржылық стратегияның ауқымын ұлғайтуға мүмкіндік тудырып отыр. Бұл жайт өз кезегінде цифрлы активті де қамтуы мүмкін. Кейбір сарапшылардың пікірінше, егер Қытай криптовалютаға салынған тыйымның күшін жойса, нарыққа 1 трлн доллар кіруі мүмкін. Мұндай капитал қытаймен байланысты блокчейн жобалар үшін жүздеген есе өсуді қамтамасыз етпек. Қытай билігінің криптовалютаға қатысты саясатын өзгертуі цифрлы активтің жаһандық қолданысқа жаппай енуіне мейлінше жақындата түседі.