Қытайда 30 жыл бұрын күші жойылған салық қайта қалпына келтірілетін болды
Қытайда 30 жыл бұрын күші жойылған салық қайта қалпына келтірілетін болды
2 күн бұрын 303 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Туу көрсеткіші күрт кеміп кеткен Қытайда соңғы 30 жылда алғаш рет контрацептикалық өнімдерге (жүктілікке қарсы дәріден бастап презервативке дейін) қосымша құн салығын енгізілетін болды. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Bloomberg News агенттігіне жөн сілтеген THE CHOSUNILBO ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қытай билігі мұндай қадамға елдегі туу көрсеткішін көтеру мақсатында барып отыр. Келесі жылдың қаңтар айынан бастап күшіне енетін қосылған құн салығы туралы жаңа заңға сәйкес Қытай 1993 жылдан бастап салықтан босатылған контрацептивтік құрылғылар мен дәрі-дәрмекке 13% мөлшерінде салық енгізеді. Заңнамаға енгізілген түзетуге, сондай-ақ, бала бақшаға, қарттарға күтім жасау мекемесіне, мүмкіндігі шектеулі жандарды қамтамасыз ету мекемесіне дейінгі күтім жасау жөніндегі қызметтер мен некеге байланысты салықтан босатылған қызметтерге қатысты ережелер енеді. 1990-шы жылдары қолданысқа енгізілген «Бір отбасы – бір бала» деп аталатын қатаң шектеу саясатынан демографиялық ахуалдың нашарлауына байланысты бас тартқан Қытай билігі жұмыс күшінің жетіспеушілігі мен экономиканы көтеру үшін қосымша бағдарламалар қабылдап, түрлі ынталандыру шараларын қарастырып келеді. Қытайдағы туу көрсеткіші ондаған жыл қатарынан төмендеп келеді. 2016 жылы бір баламен шектейтін саясаттан бас тартқанымен ел тұрғындарының саны өсер емес. Мәселен, өткен жылы аталған елде 9,54 млн бала өмірге келсе, бұл көрсеткіш оның алдындағы жылы 18,8 млн болатын. Айналдырған бір жыл ішінде екі еседей кеміген. Негізі конттрацептикалық құралдарға салынатын салықтың жаңғыруы символикалық мәнге ие. Туу көрсеткішінің көтерілуіне тікелей әсер ете қоймайды. Бала көтеруге қатысты ынталандырудың бір парасы деуге болады. Десе де кейбір сарапшылар мұндай салықтың енгізілуі жыныстық қатынас арқылы жұғатын қауіпті аурулардың өршуіне жол ашатынын айтып, дабыл қағып отыр. Мысалы, Қытайдағы СПИД пен ВИЧті жұқтыру деңгейі 2002 жылдан 2021 жылға дейін 100 мың адамға шаққанда 0,37-ден 8,41 адамға дейін артып кеткен. Сонымен қатар, балаларды тәрбиелеу шығындары Қытайдағы болашақ ата-аналар үшін негізгі экономикалық ауыртпалық болып қалатындықтан, сын айтушылар «контрацепцияны басу» саясаты іс жүзінде тиімсіз, деп санайды. Yuwa зерттеу институтының 2024 жылғы есебіне сәйкес Қытайда баланы кәмелетке толғанға дейін (18 жас) тәрбиелеудің ықтимал құны 538 000 юанды құрайды. Bloomberg атап өткендей, әлеуметтік құндылықтардың өзгеруімен көптеген жастар неке мен бала тәрбиесіне емес, өздерінің қаржылық тұрақтылығы мен мансабына көбірек көңіл бөледі.

0 пікір
Мұрағат