|
Қытайдың алғашқы банкі Гонконгта криптовалютамен сауда жасауға рұқсат берді
|
CMB International Securities банктің China Merchants Bank еншілес құрылымы Гонконгта криптовалютамен сауда-саттық жүргізуге мүмкіндік беретін сервисті іске қосты. Бұл жайында islam.kz порталы fintech-retail.com сайтына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Осылайша аталмыш компания клиенттеріне криптнарыққа жол ашқан алғашқы брокер атанды. Жаңа сервис CMB International мобилді қосымшасына кіріктірілген және акциялармен, сондай-ақ, облигациялармен қатар виртуалды активтермен операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жеке басын анықтау процедурасынан (KYC) өткен пайдаланушылар биткоинмен (BTC), Ethereum (ETH) және Tether (USDT) цифрлы валюталармен тәулік бойы сауда-саттық жасай алады. Инфрақұрылым мен өтімділікті қамтамасыз ететін OKX криптобиржасы бұл жобаға техникалық жағынан серіктес болды. CMB International атап өткендей, мұндай жоба ауқатты клиенттерге активтерді басқару үшін қосымша мүмкіндіктер ашады. 2024 жылдың дерегі бойынша CMB International басқаруындағы активтер 130 млрд юаннан (18,1 млрд доллар) асты. Бұл ретте бизнестің орташа жылдық өсімі шамамен 15% -ды құрайды. CMB International банкі капиталы бойынша The Banker есебіне сәйкес «Әлемнің ең үздік 1000 банкі» рейтингінде 10-шы орынға ие.