Ресей туу көрсеткішін арттыру үшін ерекше шараны жүзеге асырмақ
|

Ресей федерациясының мемлекеттік думасы жүктілікке қарсы дәріні сату ережесін қатаңдатады. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Татьяна Соломатина есімді депутатқа жөн сілтеген «Абзац» ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Татьяна Соломатина атап өткеніндей, жүктілікті тоқтататын дәрілер туралы сөз болғанда, ең әуелі гормоналды терапия жайында әңгіме қозғалады. Мұндай дәрілер организмге айтарлықтай әсер етуі мүмкін, атап айтқанда, ішкі жыныс мүшелерінің дисфункциясына әкеп соғуы ықтимал. «Бұл кез келген болашақ ананың денсаулығынан зиянын тигізеді, сондықтан мұндай дәріні қолдану керек тек дәрігердің тағайындауымен, тек рецепт бойынша сатып алу керек және ерекше сақтықпен қолдану керек», — деп мәлімдеді депутат. Демографиясы апат алдында тұрған Ресей Украинадағы басқыншылық саясатына байланысты адам ресурсын көп шығындап жатыр. Оның үстіне, халықтың табиғи жолмен қартаю процесінің, отбасы институтының әлсіреуімен байланысты туу көрсеткіші жылдан жылға кері кетіп барады. Бұл тарапта РФ билігі халық санын көбейту үшін кез келген шараларға, соның ішінде мәжбүрлеуді ұйғаратын радикалды шараларға барады.




