Ресейде жұмыс істегісі келмейтіндерге салық салынады
|

Көші-қон саясатын қатаңдатып, шетелден келетін еңбек мигранттарына шектеу қойылғаннан кейін Ресей экономикасы маман тапшылығынан зардап шегуде. Бұл жайында islam.kz порталы IslamNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Әсіресе, экономикаға қан жүгіртетін Ресейдің негізгі салалары, атап айтқанда, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік және қызмет көрсету секторлары, т.б. зардап шеге бастаған. Соның кесірінен өнім сапасы төмендеп, бағасы көтерілген. Осыны ескерген Ресей Федерациясының министрлер кабинетіне қарасты қаржы институты еңбекке жарамды болса да жұмыс істемейтін азаматтарға салық салуды бастама етіп көтеріп отыр. Ұсынысқа сәйкес жұмыс істемейтін азаматтарды, үй шаруасындағы әйелдерді, асырауындағыларды және тағы басқаларды қоса алғанда, ай сайын жеке тұлғалардың табысына салынатын салыққа және еңбекақының ең төменгі мөлшерінен міндетті медициналық сақтандыру қорына (ММС) жарнаға тиісті қаражатты төлеуге міндеттеу шарасы қабылдануы қажет. Дәлірегі, жұмыс істемейтін азамат айына 3 мың рубл мөлшерінде төлейтін болады. Бастама авторларының түсіндіруінше, мұндай тәсіл мемлекетке әлеуметтік игіліктердің шығындарын өтеуі тиіс, әлеуметтік жәрдемақы түріндегі мемлекет тарапынан тағайындалған қаражатты қазір жұмыс істемейтіндер тегін алады.




