Ресейден араб еліне 400 келідей жауын құрты экспортталды
|

Ресей Федерациясының Орал аймағынан Біріккен Араб Әмірлігіне Екатеринбург қаласында қолдан өсірілген жауын құртының 379 келісі жөнелтілді. Бұл жайында islam.kz порталы BUSINESS EMIRATES ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ерекше экспорттың сыры неде? Әдетте жауын құрты топырақтың құрамы мен құнарын арттыратын табиғи тыңайтқыш есебінде болады. Топырақта олар тармақталған жол желісінің пайда болуына ықпал етеді, топырақты қопсыту арқылы аэрация мен суару жүйесін қалыптастырады. Осылайша топырақтың су өткізу қабілетін арттырады. Ал бұл жайт өз кезегінде өсімдік тамырларына өттегі мен судың жетуіне, құрғақшылықтың алдын алуға көмектеседі. Бұдан бөлек, жауын құрты органикалық заттармен және микроорганизмдермен қоректену арқылы пайдалы бактерияларды таратады. Микробқа қарсы заттың түзілуіне сеп болады. Осылайша топырақтағы зиянды патогендерді азайтады. Жауын құрты топырақтың санитарлық қызметін атқаратын жәндік. Жаңбыр құрттары органикалық қалдықтарды өңдеуге белсене атсалысады - қоректік заттарға бай табиғи тыңайтқышқа айналдырады. Вермикомпостау деп аталатын бұл процесс ауыл шаруашылығында топырақтың сапасын жақсарту және өнімділікті арттыру үшін кеңінен қолданылады. Жаңбыр құрттарының саны мен белсенділігі топырақ саулығының елеулі көрсеткіштері қызметін атқарады.




