«Сан қырлы» кедейлік қамытын киген марокколықтардың қарасы белгілі болды
«Сан қырлы» кедейлік қамытын киген марокколықтардың қарасы белгілі болды
2 ай бұрын 821 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Біріккен Ұлттар Ұйымының адами даму жөніндегі баяндамасында келтірілген дерекке сәйкес аталған араб елі тұрғындарының шамамен 2,4 млн-ы БҰҰ «көп өлшемді кедейлік» деп атайтын жағдайда өмір сүріп жатыр. Бұл жайында Islam.kz порталы Morocco News ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Марокко халқының тағы 10,9%-ның осы топқа ену қатері жоғары. БҰҰ даму бағдарламасы және кедейлiкпен күрес пен адами даму жөнiндегi Оксфорд бастамасымен бiрлесiп жарияланған баяндамада депривация үш негiзгi салада өлшенедi: он нақты көрсеткiштi пайдалана отырып, бiлiм беру, денсаулық сақтау және тұрмыс деңгейiн қамтиды. Адамдар, егер олар осы көрсеткіштердің кемінде үштен бірінен айырылса, көп өлшемді кедей санатына жатқызылады. Бұл тараптағы мәліметтер Мароккодағы кедейшілік тек ақшамен ғана емес, білім беру мен негізгі қызметтерге қол жеткізумен де байланысты екенін көрсетеді. Білім беру саласының өзі елдегі кедейлікке себеп болып отырған барлық фактордың жартысына жуығын құрайды (46,8%), одан кейінгі орында – өмір сүру деңгейі (28,8%) және денсаулық сақтау (24,4%). Мектепте білім алудағы шектеуліктің өзі кедейліктің сақталуына қатты ықпал етіп отырған негізгі факторға айналған. Марокколықтардың шамамен 1,4%-ы сілкіп салар сырмағы жоқ тақыр кедей қатарына жатады – олар таза ауызсуға қол жеткізу, тұрғын үймен қамтылу, энергиямен қамтамасыз етілу, тойып тамақтану секілді қарапайым игіліктердің өзінен қағылған. Орта есеппен алғанда марокколықтар кедейлік деңгейін көрсететін немесе игіліктерге қол жеткізу көрсеткіштерінің 42% -ынан айырылған. Мароккодағы көп өлшемді кедейліктің жалпы индексі 0,027-ді құрағанына қарамастан, 2011-2018 жылдар аралығында байқалған бұл бағыттағы прогресс баяулаған. Марокко осы ерте кезеңде кедейшіліктің барлық он көрсеткішін төмендеткен 11 елдің бірі болды, алайда, орта жолдан киліккен пандемия, климат дағдарысының салдары және бағаның шарықтап өсуі кедейлікпен күресті көп баяулатқан. Баяндамада кедейліктің экологиялық ахуалмен байланысы да назарға алынған. Әлемнің кедей халқының 79%-ға жуығы аптап ыстық, құрғақшылық және су тасқыны сияқты төтенше климаттық қауіп-қатер төнген аймақтарда тұрады. Марокко жаһандық жылынудың кері әсеріне тікелей ұшыраған өлкеде орналасқандықтан су тапшылығынан, аптап ыстықтан, құрғақшылықтан көз ашпай келеді. Ауыл шаруашылығы осындай себептен көп шығынға ұшыраған ел. Әлемдегі кедейлердің 83%-дан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Марокколықтардың да көбісі ауылдық жерлерді мекендеген. Білім беру және медициналық мекемелер нашар дамыған ауылдық жердің сын көтермейтін инфрақұрылымы да марокколықтардың кедейлігін одан ары  тереңдететін факторға айналған.

0 пікір
Мұрағат