|
Шетелдік талантты жастарды тарту үшін азиялық ел визалық жеңілдіктерді арттырады
|
Оңтүстік Корея билігі біліктілігі жоғары шетелдік мамандарды тарту үшін өзінің «жоғары деңгейдегі визасын» алу құқығын кеңейтуді және жекелеген секторларда жұмыс істейтін техниктер мен қызметкерлер үшін жаңа визалық бағдарламаларды енгізуді жоспарлап отыр. Бұған елдегі туу көрсеткішінің төмендеуіне әрі халықтың қартаб процесінің қарқын алуына байланысты жұмысшы күшінің жетіспеушілігі себеп болып отыр. Бұл жайында islam.kz порталы The Korea Herald мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Таңғы шық елінің әділет министрі Шон Сон Хо бұл бағытта қабылданған шараларды 2030-шы жылдарға бағытталған ұзақ мерзімді иммиграциялық стратегиясының бір бөлігі деп атады. Әділет министрлігі бала туудың төмендеуіне, халықтың қартаюына, сондай-ақ ,өнеркәсіптік және технологиялық ортадағы жылдам өзгерістерге жауап ретінде «2030 жылға дейінгі болашақ көшіп келу саясатының стратегиясын» әзірлегенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта жоғары деңгейдегі виза негізінен сегіз алдыңғы қатарлы секторда жұмыс істейтін кәсіпқойларға беріледі, соның ішінде жартылай өткізгіштер, жасанды зерде және робототехника бар. Қайта қаралған саясатқа сәйкес ғылым мен технология саласындағы профессорлар мен ғалымдарды да аталған секторларға қосу құқығы кеңейтілетін болады. Билік, сондай-ақ, К-Core Visa (E-7-M) деп аталатын жаңа визалық бағдарламаны енгізуді жоспарлап отыр. Бұл виза кореялық шағын колледждерде оқитын шетелдік студенттердің елде ұзақ уақыт қалуына мүмкіндік береді. Күтім саласында жұмыс күшінің жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін үкімет әр өңірде шетелдік медбикелерді даярлау үшін жеке колледждер ашады. Бұдан бөлек, аталған ел билігі шетелдік тұрғындарды халық саны аз аудандарда тұруға және жұмыс істеуге ынталандыруға бағытталған көші-қон пакетінің өңірлік бағдарламасын іске қосуға ниетті. Мұндай бастама аясында жұмысқа орналастыру және бизнес туралы ақпарат беру, әлеуметтік интеграция бағдарламалары және шетелдік жұмысшылар мен олардың отбасыларына жергілікті халықпен араласып, тіл табысуына көмектесу үшін бала күтіміне көмек көрсету сияқты қолдау шаралары ұсынылатын болады. Бұдан басқа, белгілі бір талаптарға сәйкес келетін маусымдық көшіп-қонушыларға жұмыс тәжірибесі мен тиісті оқудан өтуді қоса алғанда, осы салаларда ұзақ уақыт қалуға мүмкіндік беретін ауыл шаруашылығы мен балық аулау саласындағы білікті қызметкерлер үшін жаңа виза енгізілетін болады