Шыңжаңдағы мешітті дәретханаға айналдырған: Қытай мұсылмандардың ғибадатханалары мен зираттарын бұзып жатыр
Шыңжаңдағы мешітті дәретханаға айналдырған: Қытай мұсылмандардың ғибадатханалары мен зираттарын бұзып жатыр
3 жыл бұрын 2904 stan.kz Rian Thum

Қытайдың Шыңжаң ауданында мұсылмандар мешіттері, зираттары жаппай сүрілуде. Тіпті олардың кейбірі бүгінде дәретханаға айналған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі The Telegraph басылымына сілтеме жасап. 

Бүгінде Қытай билігі жергілікті этникалық ұлттарға қатысты діни және мәдени орындардың барлығының көзін құртуды мақсат еткен. 2018 жылы Аустралия  стратегиялық саясат институтының жерсеріктен түсірген суретке сәйкес Хотанда жаңадан басталған құрылыс нысанының орнында мешіт болғаны анықталды.  

"Қытай үкіметі этникалық халықтардың сенімі мен салт-дәстүрін партиялық басқаруға қарсы қауіп деп танып отырғанын байқауға болады. Бұған мысал – қытайлықтардың Бейжің мен Шыңжаңдағы мәдениет пен дін көрінісін түбегейлі жойып жатқаны. Бұл жақта ұйғыр болып туылсаң, қытай халық партиясының дұшпанына айналасың", – дейді аустралиялық ғалым Натан Русер. 

Институт мәліметінше, Шыңжаңда 2017 жылдан бастап Қытай саясатының нәтижесінде 16 000 мешіт сүрілген. Бұған қоса, Ислам дініне қатысты ғибадатханалар, зираттардың 60%-ының тас-талқаны шыққан. Ал тұрғындарға туыстары жерленген жерге барып, дұға оқуға тыйым салыныпты. 


Қазіргі таңда жергілікті халық үшін қасиетті саналатын Асим имам мазары қаңырап қалған. Мұнда мінәжат ету үшін мұсылмандар шөл даланы кезіп, бірнеше күн бойы жүріп келген екен. Шыңжаң мұсылмандары бұл жерге үш рет аяқ бассаң, бір рет Меккеге барғанмен тең деп санайды екен. 

"Қытай коммунистік партиясының озбыр саясатына дейін мазарға адамдар мың-мыңнан келетін. Бұл – ұйғырлар үшін үлкен маңызы бар орын. Ал оны жермен-жексен ету – ұлтты жоюмен бірдей", – дейді ұйғырлардың қасиетті орындарын зерттеуші, Манчестер университетінің оқытушысы Риан Тум. 

Қазірде ғибадатханалардан бөлек, Хотанда жексенбілік базарда жабылған. Бұған дейін бұл сауда орны қаладағы ең шулы, адам таусылмайтын жерлердің бірі болған деседі. 

Фото: Lorenz Huber 

Қашқардағы мешіттер де қаңыраулы күйде қалған. Олардың бірін, тіпті тұрғындар қоғамдық дәретханаға айналдырған. Діни жазулардың барлығы қара түспен боялған. 

Шыңжаңда қазір дұға етумен қоса, ерлерге сақал өсіруге, әйелдердің басына орамал салуына тыйым салынған. Ұйғыр тілінде жарияланатын кітаптардың тақырыбы ауылшаруашылығы, тамақ дайындау, бау-бақша тақырыптарына арналған. Дін мен мәдениет туралы жазуға қатаң шектеу қойылған. 

Десек те Қытай үкіметі мешіттердің жаппай сүрілуін жоққа шығарды. Айтуларынша, негізінен ескі мешіттерді жаңарту қолға алынған. Үкімет басындағылар Қашқарда туристердің көзайымына айналған Афак Қожа кесенесі мысалға келтіреді.

Ал Хотанда мешіт орнына Hilton қонақүйін салуды жоспарлаған мекеме бұл жер сатып алынған кезде бос болғанын жеткізді. 

БҰҰ сарапшылары Қытайды тұтқындардың ішкі ағзаларын алып жатыр деп айыптады

БҰҰ сарапшылары Қытай түрмелерінде этникалық және діни азшылық топтарына кіретін тұтқындардың ағзалары алынғаны туралы "сенімді" ақпарат алғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Қытайдағы ағзаларды күштеп алу әртүрлі аймақтардағы этникалық, тілдік немесе діни азшылықтардың өкілдеріне қатысты жүргізіледі және оларға көбінесе ұстау себептері айтылмайды немесе қамауға алуға санкция жоқ", – делінген 12 маусымда таратылған 14 сарапшының қорытындысында. 

БҰҰ-ның заңсыз ұстауға қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыс тобы, сондай-ақ БҰҰ-ның арнайы өкілі бұл ақпаратты "ерекше алаңдаушылық тудырады" деп санайды.

БҰҰ сарапшыларының пікірінше, ең танымал ағзалар – жүрек, бүйрек, бауыр және көз қабығы, бұл шара тыйым салынған Фалуньгун қозғалысының мүшелеріне, ұйғырларға, тибеттіктерге, мұсылмандар мен христиандарға қолданылады.

Женевадағы Қытай өкілдігінің мүшесі БҰҰ сарапшыларын жала жапты деп айыптады. Бейжің "бұл айыптаулардан өзін қорғайды және оларды мүлдем қабылдамайды" деп уәде беріп, сарапшылардың "ойлау қабілеттері жетіспейтінін" мәлімдеді. Оның айтуынша, сарапшылар сепаратистер мен Фалуньгун қозғалысы тарапынан Қытайға қарсы жалған ақпаратының құрбаны болған.

 
0 пікір
Мұрағат