|
Сингапурде интернет алаяқтары бұдан былай дүремен жазаланады
|
Сингапурде интернет алаяқтарын дүремен жазалайтын болады — парламент дене жарақатын салатын жаза түрлері қолданылатын қылмыстар тізімін кеңейтті. Бұл жайында islam.kz порталы The Washington Post мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Оңтүстік-шығыс Азия аймағында орын тепкен аталған ел парламенті қылмысты кодекске түзету енгізді. Тән жазасы қолданылатын 65 қылмыс түрі кибералаяқтықпен толықтырылды. Сингапурде таяқтау немесе дүрелеу жазасының тарихы тереңде: Британия отары болып тұрған кезден бастап қолданыла бастаған. Әлі күнге дейін қылмыскерді бас бостандығынан айыру жазасымен қатар қолданылып келеді. Тән жазасын орындау үшін қалыңдығы 4-13 миллимтерден аспайтын, ал ұзындығы 60-120 сантиметрге жететін бамбуктың солқылдаған шыбығы пайдаланылады. Жаза процедурасы іске асырылмас бұрын айыпталушы алдымен медициналық тексеруден өтеді. Тағылған айыбына немесе жасаған қылмысының ауырлығына қарай кем дегенде алты рет, ал көп дегенде жиырма трт дүре соғылады. The Straits Times ақпарат көзі нақтылағандай, тән жазасы интернет иіріміндегі заңға қайшы әрекеттерге жол бергендер, соның ішінде алаяқтық әрекеттерімен көзге түскендер мен олардың сыбайластары (банк шотын, SIM-карта, жеке бас мәліметтерін ұсынғандар, т.б.) қолданылады. Тән жазасы әйелдер мен кәмелет жасына толмағандарға және жасы елуден асқан егде азаматтарға қолданылмайды. Сингапурдың ресми органдарының келтірген дерегіне қарағанда, алаяқтық елдегі барлық қылмыстың шамамен 60 %-н құрайды. Айналдырған бес жыл ішінде, 2020-2025 жылдар аралығында Сингапур алаяқтардың кесірінен 3,9 млрд долларынан айырылып қалған. Аталған ел билілі жазаны қатаңдату арқылы қылмыстың арынын тежегісі келеді.