|
Тәжікстанда заңсыз майнингке қылмыстық жаза енгізіледі
|
KAZINFORM – Тәжікстан заңсыз виртуалды активтерді өндіруге қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізеді. Ел парламенті тиісті түзетулерді қабылдады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
Қылмыстық кодекстің жаңа 253(2)-бабы «Виртуалды актив өндіру үшін электр энергиясын заңсыз пайдалану» деп аталады. Бап үш бөліктен тұрады және 15-тен 75 мың сомониге дейінгі (шамамен 1,6-8 мың АҚШ доллары) айыппұл немесе 2 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Криптовалюта майнингі үшін электр энергиясын заңсыз пайдаланған жеке тұлғалар үшін 15-37 мың сомони көлемінде айыппұл белгіленген.
Ал алдын ала сөз байласқан топ үшін 37-75 мың сомони айыппұл немесе 2-5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
«Өзге ірі көлемде» электр энергиясын заңсыз пайдаланған ұйымдасқан топ мүшелері 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Парламенттегі талқылау барысында Тәжікстанның бас прокуроры Хабибулло Вохидзода майнинг фермаларының заңсыз жұмысы елдегі электр энергиясы тапшылығын күшейтіп, қылмыс санының артуына әсер еткенін айтты.
«Виртуалды активтердің заңсыз айналымы электр энергиясын ұрлау, мемлекетке материалдық шығын келтіру, қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру және өзге де құқықбұзушылықтарды жасауға жол ашады», – деді Х. Вохидзода.
Асхат Райқұл
Түрікменстан майнинг пен криптовалюта биржаларының қызметін заңдастырды
KAZINFORM — Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов «Виртуалды активтер туралы» заңға қол қойды, ол 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап елде майнинг пен криптовалюта биржаларының қызметін заңдастырады, деп жазды The Crypto Times.
Заң виртуалды активтерді азаматтық құқық объектісі ретінде анықтайды, бірақ оларды төлем құралы немесе валюта ретінде мойындамайды. Майнингпен жеке кәсіпкерлер мен компаниялар айналыса алады, бірақ олар міндетті түрде Орталық банкке тіркеліп, қауіпсіздік талаптарын орындауы тиіс, бұл заңсыз майнингті болдырмауға мүмкіндік береді.
Криптовалюта биржалары мен басқа да виртуалды активтер қызметін көрсететін ұйымдар Орталық банктің лицензиясы бойынша жұмыс істейді, ал әмияндарды ашу тек толық клиенттің сәйкестендірілуінен кейін ғана жүзеге асады.
Құжатта криптопроектілердің атауларында «Түркменстан», «мемлекеттік», «ұлттық» сөздерін қолдануға шектеулер енгізіледі және жарнамаға қатысты қатаң ережелер белгіленеді. Жарнамада криптовалюталармен операциялардың қауіптері туралы ескерту болуы тиіс, сондай-ақ оларды жеңіл немесе кепілдендірілген табыс ретінде көрсетуге тыйым салынады.
Мемлекет сондай-ақ цифрлық активтерді жоғалту немесе құнсыздану мүмкіндіктері үшін жауапты болмайтынын мәлімдеді.
Эксперттердің пікірінше, жаңа заң Түркменстанның цифрлық экономикасын дамыту және виртуалды активтер технологиясын қолдану үшін бақылауға алынған құқықтық орта құру бағытындағы стратегиялық қадамдардың бір бөлігі.
Қараша айының ортасында INTEGRA CITY халықаралық компаниялар тобы Ашхабадта өткен Turkmentel 2025 халықаралық көрмесінде «ақылды» және тұрақты қалаларға арналған цифрлық шешімдерін таныстырды.
Бұрын Қазақстан Президенті Түркменстанмен инвестицияларды қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойған болатын.
Бақытгүл Абайқызы