|
Таңғы шық еліндегі белсіздік пен бедеулік шығыны рекордтық деңгейге жетті
|
Өткен жылы (2024) Оңтүстік Кореядағы белсіздік пен бедеуліктің ем-домына медициналық сақтандыру бойынша кеткен шығын мөлшері 500 млрд воннан (корейлердің төл ақшасы – ред.) асқан. Бұл жайында islam.kz порталы THE CHOSUNILBO ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл тараптағы көрсеткіште ем-домның орны толтырылмайтын түрлерінің шығын есепке алынбаған. Сол себепті, аталған елдегі белсіздік пен бедеулікке жұмсаған нақты шығын мөлшері бұл көрсеткіштен көп жоғары. Ұлттық медициналық сақтандыру қызметінің «Халық күші» партиясы атынан сайланған Ким Е Жи есімді депутатқа берген мәліметіне сәйкес белсіздік пен бедеулікті емдеуге кеткен шығын 555,514 миллиард корей вонын құрады. Бұл сома шәуеттер мен аналық жасушаларды алу және ұрықты тасымалдау сияқты орны толтырылатын процедуралардың шығындарын ғана қамтиды. Генетикалық тестілеу сияқты орны толтырылмайтын процедура (пациенттер толық төлейтін) ескерілмеген. Белсіздік пен бедеулікті емдеуге жұмсалатын шығындар 2018 жылғы 227,7 млрд корей вонынан 2023 жылы 401,2 млрд корей вонына дейін екі есе дерлік өсті және бір жылдың ішінде шамамен 150 млрд корей вонына ұлғайған. Белсіздік пен бедеулікті емдеуге арналған шығындардың күрт өсуі медициналық сақтандыру жүйесінің кеңеюімен, емдеу үшін кедергілердің азайғанымен түсіндіріледі. 2018 жылы перзентке зар ерлі-зайыптылар 10-ға дейін емдеу курсынан өтсе, 2021 жылы олардың саны 21-ге дейін, өткен жылғы ақпанда - 25-ке дейін, ал өткен жылғы қарашада - 25-ке дейін өсті. Егер ерлі-зайыптылар өздерінің тұңғыш баласы үшін 25 емдеу курсынан өткен, ал келесі баласы үшін тағы 25 курстен өте алады. Бұдан басқа, емдеудің кейбір орны толтырылмайтын түрлерінің шығынын мемлекеттің өзі көтеріп алады. Бұл мақсатқа арналған бюджет 2022 жылғы 91,7 млрд корей вонынан өткен жылы 145,7 млрд корей вонына дейін ұлғайды. Сарапшылар елдегі осынау үрдіске балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, балалар жәрдемақысын көтеру секілді демографиялық апаттың алдын алуға бағыттылған, тууды ынталандыру мақсатында қолға алынған әлеуметтік шаралар себеп болып отыр. Елдегі демографиялық азуалға кері әсерін тигізетін тағы бір маңызды факторға кешігіп отау құруын жатқызуға болады. Егде жасқан жақындаған ерлі-зайыптылардың кеш үйленуі ұрпақ өрбіту қабілетіне кесірін тигізеді. Дәлірегі, табиғи жолмен бала көтеруі қиындайды. Белсіздік пен бедеулік ем-домының шығынының артуына осындаф жағдаят та ықпал етіп отыр. Оңтүстік кореялық әйелдер үшін босанудың, яғни, бала табудың орташа жасы 2018 жылғы 32,8 жастан өткен жылы 33,7 жасқа дейін өсті. 35 және одан жоғары жастағы аналардың үлесі осы кезеңде 32% -дан 36% -ға дейін ұлғайды. Белсіздік пен бедеулікті емдеудің барлық әдістерінің ішінде 40 жастағы пациенттердің үлесі 2018 жылғы 25,5% -дан өткен жылы 40,3% -ға дейін өсті. Егде жасқа жақындаған әйелдер арасында перзент сүйгісі келетіндер саны артқанымен сәттілік көрсеткіштері жасқа байланысты айтарлықтай төмендейді. Денсаулықты сақтандыруды қайта қарау және бағалау қызметінің дерегі бойынша 2022 жылы бедеулікті емдеу әдістерінің жалпы сәттілік көрсеткіші 30% құрады, алайда, 40–44 жас арасында 24%-ға, 45 жастан асқандарда 6%-ға төмендеген.