|
Таяу Шығыстың бір елі жаппай қаруланудың өзіндік әдісіне көшуде
|
Таяу Шығыс жаһандық соғыс өрті тұтануы мүмкін қатерлі аймақтардың бірі. Иран, Израил, Саудия, т.б. мемлекеттер хал-қадырынша осы заманғы озық технологияға негізделген қаруды сатып алу бойынша, яғни, қару-жарақ саудасында жетекші елдерге айналған. Бұл үрдістен Кувейт те қалыс қалар емес. Бұл жайында islam.kz порталы Kuwait Times ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Таяуда Кувейт аумағында қытай мамандарының жәрдемімен оқ-дәрі шығаратын зауыт құрылысы аяқталды. Араб елінің қорғаныс министрігінің орынбасары Абдолла Машал әл Сабақ бұл жобаны Кувейт пен Қытайдың өзара ынтымақтастығының шырқау шыңы деп атады. 2019 жылы басталған екі ел арасындағы әскери дайындық бағдарламасы жыл сайын ұлғайып келеді. Кувейт Америка құрама штаттарының Парсы шығанағындағы негізгі одақтасы. Осыған қарамастан 1995 жылы Қытаймен әскери ынтымақтастық туралы келісімге отырды. Содан бері Қытай Кувейтті 155-мм зеңбірекпен жабдықтап тастапты. Бұдан бөлек, Кувейт Таяу Шығыс өңіріндегі шиеленіс пен қарулы қақтығысқа байланысты қарулы күштері мен қару-жарағын жетілдіруге көшті. Стокголм халықаралық әлем проблемаларын зерттеу институтының дерегіне қарағанда, 2020-2024 жылдар аралығында Парсы шығанағы мемлекеттері әлемдегі қару-жарақ импорты бойынша 10-шы орынға ие болып, өзінің импортын алдыңғы бес жылдық кезеңмен салыстырғанда 466 пайызға ұлғайтқан. Ливандық Tactical Report зерттеу фирмасының мәліметінше, Бейжің «Кувейттің қорғаныс қажеттіліктерінің көпшілігін» алдын ала шартсыз қанағаттандыруға дайын екенін мәлімдеген. Стокгольм институтының есебіне үңілсек, 2020-24 жылдары АҚШ Кувейтке қару импортының 63 пайызын жеткізген, одан кейін Италия мен Франция тұр. АҚШ мемлекеттік департаментінің дерегіне қарағанда, аталған араб елінде 13 500-ге жуық америкалық әскери қызметші, сондай-ақ, 2 200 минадан қорғалған машина бар.