Түркі мемлекетінің көлеңкелі экономикадан қанша шығын көргені анықталды
|

Британиялық Ernst & Young компанияның (әлемдегі ең ірі аудиторлық компания) есебінше, 2023 жылы Түркиядағы көлеңкелі экономика мөлшері елдің жалпы ішкі өнімінің 16,1%-на жеткен. Бұл көрсеткішті нақты ақшаға шаққанда 7 трлн түрік лирасына немесе 179 млрд долларға тең, яғни, көлеңкелі экономикадан келетін шығын аталған елдегі көрсеткіші әлемдік орташа деңгейден 11,8%-дан жоғары. Бұл жайында islam.kz порталы mk-turkey ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Көлеңкелі экономика деп, әдетте мемлекетте тіркелмеген немесе заңсыз экономиканы айтады. Мұндай экономикадан ел қазынасына салық түспейді, мемлекет тарапынан қадағаланбайды және реттелмейді, статистикалық дерегі жүргізілмейді. Көлеңкелі экономика ұғымы тіркелмеген бизнестен және бейресми жұмыстан бастап төмендетілген корпоративтік кірістерге және ешқандай құжат жүзінде қалдырмайтын қолма-қол ақшамен операцияларға дейін қамтиды. Көлеңкелі экономика салық түсімдерінен айырады, нарықтағы бәсекелестікке кесірін тигізеді және институциялық сенімді әлсіретеді. Ernst & Young компаниясының 2025 жылғы наурыз айындағы «Көлеңкелі экономика: бағалау және шешу жолдары» баяндамасында келтірілген мәліметке сәйкес Түркияның көлеңкелі экономикалық қызметтен фискалдық шығындары ЖІӨ-нің шамамен 3-4% -ына бағаланған, яғни, бұл көрсеткіш мемлекет қазынасына түспеген салықтық түсімдердің 1,3-1,7 трлн лиріне (немесе 33-44 млрд АҚШ долларына) тең келеді - негізінен қосылған құн салығынан (ҚҚС), жеке тұлғалардан алынатын табыс салығы және кәсіпорындардан алынатын пайдаға салынатын салықтан осынша қаражат жоғалтқан. Бұл нені білдіреді? Түркия экономикасында орын алған құрылымдық мәселелердің шешімін таппағанын көрсетеді, атап айтқанда, салықтың тым жоғары деңгейі, еңбекақының аздығы, билік тарапынан басқарудың осалдығы, реттеу шараларының тиімсіздігі секілді проблемалардың барын көрсетеді. Бейресми жұмыс қызмет көрсету саласында, іскерлік ортада кеңінен тараған. Десе де Түркия билігінің көлеңкелі экономикамен күресуде цифрлы құралдарды іске қосу арқылы бірқатар жетістікке жеткенін де айта кету керек. Салықтық және қаржы деректерінің электронды жүйесі көптеген олқылықтарды ашып берді. Цифрлы науқан мемлекеттің көлеңкелі экономиканы біршама бақылауға алуына көмектесті. Дегенмен, цифрлы науқан да көлеңкелі экономиканы түбегейлі жоя алмайды. Ол үшін салықты жеңілдету, мемлекеттік мекемелердің қоғам сеніміне ие болу секілді маңызды факторлар ескерілуі тиіс.




