|
Түркиядағы жекеменшік емханаларда тек бір себептен басқа жағдайда кесар тілігіне тыйым салынды
|
Түрік республикасының ресми мерзімді басылымдарында жекеменшік медициналық емханаларға жаңа ережені енгізуге қатысты қаулы жарияланды. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Antena 3 CNN ақпарат көзіне жөн сілтеген centralasia.media сайтына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жаңа ереже талаптарына сәйкес кесар тілігін қолдану тек медициналық көрсеткіш бойынша жүзеге асырылады, яғни, босану процесі жүкті әйелдің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген жағдайда ғана рұқсат етіледі. Аталған елдің денсаулық сақтау министрлігі осыдан бірер ай бұрын кесар тілігіне қарсы науқан бастаған болатын. Бұл шара кесар тілігі кезінде орын алуы ықтимал қатер мен баланың дені-қарны сау болып өсуі үшін қолға алынып отыр. Бүгінде Түркия аумағында кесар тілігі босану кезінде жиі қолданылатын болып жүр. Дәлірегі, босану кезіндегі аурытпалықты сезінбесі үшін аяғы ауыр әйелдер осындай қадамға барып жатыр. Түркия денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне қарағанда, 2022 жылы босанған әйелдердің 60,1%-ы сәбиін кесар тілігімен дүниеге әкелген екен. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мәліметі бойынша 2021 жылы Түркияда босанған 1000 әйелге шаққанда 584 аяғы ауыр әйел кесар тілігіне жүгінген.