Уганданың Таяу Шығысқа қатысы қандай
Уганданың Таяу Шығысқа қатысы қандай
3 сағат бұрын 49

"Кения астанасы Найробиді 2 аптада басып ала аламыз", "Италия премьер-министрі Д.Мелониге үйленем" деген мәлімдемелерімен Трампты ескі түсіретін Угандалық генерал Кайнеругаба Таяу Шығыстағы соғыс басталғалы

"Израиль үшін жан пида!
Иранды қалпақпен ұрып ала алам!
Тегеранды басып алуға бір дивизия көптік" етеді!"- деп күшеніп жатыр..
Бір қарағанда, Шығыс Африканың төріндегі Уганда мен Таяу Шығыстағы Израиль мемлекетінің арасында қандай байланыс болуы мүмкін деп ойлауға болады
Алайда, өткен ғасырдың мұрағаттары мен бүгінгі жаһандық нарықтың шикізат картасына үңілсек, бұл екі аймақтың тағдыры бір арнаға тоғысқанын көреміз.
Орындалмаған жоспар - «Африкалық Сион»
1903 жылы Британдық колониялар министрі Джозеф Чемберлен сионистік қозғалысқа еврей мемлекетін құру үшін Уганда (қазіргі Кения аумағын қоса алғанда) жерін ұсынды.
Бұл — тарихта «Уганда жоспары» деген атпен қалды. Тіпті сионизмнің атасы Теодор Герцль де Кишиневтегі қырғыннан кейін өз халқын құтқару үшін бұл идеяны қолдаған еді.
Бірақ Нахум Вильбушевич бастаған комиссия Африканың бұл бөлігін «қоныстануға жарамсыз» деп танып, жоба тоқтап қалды.
Дегенмен, бұл саяси сәтсіздік күтпеген рухани жемісін берді.
Уганданың байырғы тұрғындары арасында өздерін «Иуда халқы» (Абудайя) деп атайтын қара нәсілді еврейлер қауымдастығы пайда болды.
Олардың көсемі Семейу Какунгулу «егер иудаизмді қабылдасам, Уганданың патшасы боламын» деген нық сеніммен өз тайпасын сүндетке отырғызып, Тәурат жолына түсірді.
Бүгінде Абудайя қауымдастығы иврит тілінде сиынып, шаббатты сақтайтын, Африканың қақ ортасындағы бірегей мәдени-діни феноменге айналып отыр.
Иди Амин және Энтеббе операциясы
Уганда мен Израиль қатынасы ылғи жылы болған жоқ. 1970-жылдары билікке келген диктатор Иди Амин еврейлерге қарсы соғыс жариялап, синагогаларды қиратты.
Дәл осы Уганда жерінде 1976 жылы әйгілі «Энтеббе» операциясы өтті.
Израильдік арнайы жасақ палестиналық соғыс ардагерлері ұрлап әкеткен ұшақ жолаушыларын аман алып қалды. Бұл оқиға Уганданың әскери және саяси тарихындағы ең ауыр әрі бетбұрысты сәттердің бірі болды.
Бүгінгі таңда Уганда мен Израильдің байланысы тек діни немесе тарихи емес, стратегиялық сипатқа ие.
Уганда — Батыс пен Израильдің Африкадағы ең сенімді әскери серіктесі. Оның «тістері балғадай» армиясы көршілес Конго Демократиялық Республикасындағы (КДР) Қытай ықпалын тежеу үшін қолданылуда.
Неліктен Конго соншалықты маңызды?
Жауап қарапайым - Колтан.
Алтыншы технологиялық укладтың — смартфондардың, электромобильдердің және жоғары технологиялық қарулардың «жүрегі» болып табылатын колтан мен кобальттың әлемдік қорының 80%-ы дәл осы Конгода шоғырланған.
Сонымен қатар литий, уран, титан және сирек кездесетін металдар — бұл қазіргі заманның «мұнайы».
Конгоның бағына емес, сорына біткен бұл байлық 1998 жылдан бері 5 миллионнан астам адамның өмірін қиған қанды соғыстарға себеп болды.
Бұл — Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен шығын. «Соғыс сиқыршысы» (War Witch) және «Жадовиль қоршауы» (The Siege of Jadotville) фильмдері осы аймақтағы аяусыз қақтығыстардың шынайы бет-пердесін ашады.
Қысқасы, Уганда мен Израильдің хикаясы — бұл тек діни сенім мен мемлекет құру талпынысы ғана емес, бұл жаһандық ресурстар үшін күрестің көрінісі.
Батыс елдері Уганданы «әскери плацдарм» ретінде пайдалана отырып, Конгоның стратегиялық шикізатын Қытайдың қолына жібермеуге тырысуда.
Кезінде еврейлерге баспана ретінде ұсынылған Уганда жері, бүгінде жаңа технологиялық дәуірдің тағдырын шешетін геосаяси майдан шебіне айналды.
Тарих көрсеткендей, асты мен үсті байлыққа толы Африка топырағы әлі де жаһандық ойыншылардың қызығушылығын тудырып, үлкен саясаттың құрбаны болып келеді.

Өмір Шыныбекұлының Фейсбуктегі парақшасынан

0 пікір
Мұрағат