|
Үндістан мұсылмандар көптеп оқуға түскен үшін медициналық колледжді жауып тастады
|
Үндістан Кашмирдегі медициналық колледжді жауып тастады. Өйткені, үнділердің қайырымдылық ұйымы ашқан медициналық білім ордасына мұсылман студенттер оқуға көптеп түскен. Бұл жайында islam.kz порталы The Muslim Times ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ұлттық медициналық комиссия (NMC), медициналық білім беру және тәжірибе саласындағы федералды реттеуші орган қаңтар айының 6-ы күні Кашмир жазығынан Жамма даласын бөліп тұрған Гималайдағы Пир Панжал сілеміне қараған таулы Реаси ауданында орналасқан Шри Мата Вайшно Деви медицина институтын (SMVDMI) ресми тану құжатын кері қайтарып алды. Қарашада медицина бойынша бес жылдық бакалавриат бағдарламасына (MBBS) түскен 50 студенттің 42-сі мұсылман, олардың көпшілігі Кашмирде тұрды, жетеуі - үнді және біреуі - сикх. Аталмыш мед.колледждегі студенттердің діни құрамынан хабардар болған жергілікті үнді ұлтшылдары дау шығарып, биліктен оқу орнын жабуды талап етті. Үндістан аумағында медициналық колледждерге, мемлекеттік немесе жекеменшігі болсын, барлығы федералдық білім беру министрлігінің ұлттық тестілеу агенттігі (NTA) өткізетін ұлттық емтиханы (NEET) негізінде оқуға түседі. Жыл сайын екі миллионнан аса үнділік студент MBBS-нің шамамен 120 000 орынның біреуін алуға үміттеніп, NEET-ке қатысады. Талапкерлер әдетте ақысы төмен, бірақ, оқуға түсу үшін бір орынға жүздеген студент таласатын жоғары мемлекеттік колледждерді қалайды. Осы емтиханнан өте алмағандар жекеменшік колледжге түсуге талпынады.