|
ЮНЕСКО: Әлемде 739 миллион сауатсыз адам бар
|
KAZINFORM — Көптеген елдің елеулі жетістіктеріне қарамастан, ЮНЕСКО деректеріне сәйкес, әлемде 739 миллион ересек адам, соның ішінде 15 пен 24 жас аралығындағы 102 миллион жас, жазу мен оқудың негізгі дағдыларын меңгермеген, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Қазіргі таңда әрбір он баланың төртеуі оқу және санау дағдыларының ең төменгі деңгейіне жете алмай отыр. Сондай-ақ 272 миллионнан астам бала мен жасөспірім мектепке бармайды.
ЮНЕСКО бұл мәселеде ерекше қолдауды қажет ететін топтарға — қыздар мен әйелдерге, сондай-ақ сапалы білім алуға мүмкіндігі жоқ ер адамдар мен ұл балаларға бағытталған сауаттылықты арттыру бағдарламаларын кеңінен енгізудің маңызын атап өтті.
Сонымен қатар, COVID-19 пандемиясы балалар, жастар және ересектердің білім алу үдерісіне кедергі келтіріп, бұрыннан бар теңсіздікті ушықтыра түсті. Білім алудың үздіксіздігін сақтау үшін баламалы жолдар қарастырылғанымен (қашықтан оқу, аралас форматтар), сауаттылыққа қолжетімділік әлемде біркелкі емес.
Қашықтан білім беруге жедел көшу интернетке қосылу, технологияларды қолдану, инфрақұрылым, тіпті жарыққа қол жеткізу сияқты мәселелерді анық көрсетті. Бұл факторлар білім алуға мүмкіндік бермей отыр.
Сауаттылық — адамзат үшін маңызды құндылық
8 қыркүйек — Халықаралық сауаттылық күні. Бұл күн 1966 жылы ЮНЕСКО тарапынан бекітілді. Ол ұсыныс 1965 жылдың қыркүйегінде Тегеранда өткен «Сауатсыздықты жою жөніндегі білім министрлерінің дүниежүзілік конференциясында» берілді.
Халықаралық сауаттылық күнінің басты мақсаты — халықаралық қауымдастықтың сауаттылықты кеңінен тарату бойынша күш-жігерін жандандыру. Бұл — ЮНЕСКО-ның негізгі бағыттарының бірі, өйткені сауаттылық жеке тұлғалардың, қауымдастықтардың және тұтас қоғамдардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту құралы саналады.
Сауаттылық дегеніміз — адамның өз ана тілінде грамматикалық нормаға сай оқу және жазу дағдыларын меңгеруі. Бұл — халықтың әлеуметтік-мәдени дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі әрі барша адамға ортақ негізгі құқық.
Сауаттылық — адамзат үшін үлкен жетістік, бірақ бүкіл әлем халқы — балалар, жастар мен ересектер — бұл жетістікке толық жете қойған жоқ.
Осы күн — сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған жаңа, тың шешімдерді ұсынуға мүмкіндік береді.
Бұдан бұрын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасына Абай қолжазбасындағы «Қара сөздер» кіруі мүмкін екенін жазғанбыз.
Айнұр Тумакбаева