Алтын қоры бойынша әлемде қай ел және Қазақстанда қай облыс алда тұр?
Алтын қоры бойынша әлемде қай ел және Қазақстанда қай облыс алда тұр?
7 жыл бұрын 19691 aikyn.kz

Алтын нарығы әлемде күйіп тұр. Соңғы он жылда сары темірдің бағасы алты есеге қымбаттаған екен.

Содан болар, мемлекет тұрмақ, жекелеген тұлғалар, инвесторлар өздерінің қаржыларын бұған дейін қозғалмайтын мүлік, құнды қағаздарға салып келсе, енді олардың орнын алтынға айырбастай бастады. Соңғы 15 айда Қытай елінің алтын қоры 70 пайызға өскен. Яғни, 1700 тоннаға жеткен. Бұл алтын қорының көптігі жағынан алғанда әлемдегі алтыншы орын. Қытай секілді Ресей де алтын қорын еселеу үстінде. Дәл сондай мерзім ішінде Ресейдің алтын қоры 21 пайызға еселеніп, 1460 тоннаға жеткен. Ал бұл қазіргідей дағдарыс кезеңінде екі елдің де экономикасында тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Нақты деректерге үңілсек, қазіргі таңда алтын қоры жөнінен АҚШ көш басында. Одан кейінгі орында Германия келеді. Үшінші сатыда Халықаралық валюта қоры тұр. Сондай-ақ екі жарым мың тоннаға жақын алтын қоры бар Италия мен Франция мемлекеттері үздік бестікке енеді. Ал, Қазақстан алтын қоры бойынша әлем елдерінің алғашқы ондығына, алтын өндірісі бойынша үшінші ондығына кіреді. Елімізде 200-ге тақау алтын кен орны бар. Шамамен 48 миллиард долларлық алтын қорымыз (кен орындарындағы зерттелген алтын), 1 159 687,4 келі алтын бар екен. Осыдан біраз бұрын Индустрия және жаңа технология министрлігінің геология және жер қойнауын
пайдалану комитеті Қазақстанның алтын қорының картасын жасап шыққанын жария еткен-ді. Олардың келтірген есебі былай өрілген: еліміздегі ең үлкен алтын қоры Шығыс Қазақстан облысы аумағында екен. Қор көлемі - 537,5 мың келі. Бұл - 22 миллиард доллар. Екінші орында Ақмола облысы. Мұндағы алтын қоры - 259,9 мың келі, 11 миллиард долларға тең. Ал, Қарағанды облысында 5 миллиард доллар болатын 114,8 мың келі алтын қоры бар көрінеді. Геологиялық картаға қарап отырсақ, қазақ жері алтынға тұнып тұр. Аталған үш аймақтан өзге 8 облыстың террториясынан алтын қоры табылған. Еске сала кетсек, қазір Қазақстан өз территориясында өндірілген алтынды өзі өңдеп, өз елімізде қалдыруға мүдделі болып отыр. Неге? Мұның бірнеше себебі бар. Мәселен, алтын мынадай дағдарысты, алмағайып кезде өте өтімді актив. Тіпті сырттан алған қарызды осы алтынмен жабуға болады. Сондықтан болар, Ұлттық банк қазір елімізде өндірілген алтынның бәрін сатып алуда. Сол арқылы сыртқы экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде.
Ұлттық банк алтын резервін күшейтуге ден қойды. Жалпы экспорт-импорт көбейген сайын, алтын-валюта қоры да өсіп, көбейіп отыруы шарт. Алтын халықаралық резервтік активтер деп аталады. Тағы бір еске сала кететін жайт, алтын резервімен алтын қорды шатастыруға болмайды. Елімізде екеуі де бар. Алтын қоры ол Қаржы министрлігіне қарайды. Ал алтын резерві Ұлттық банкке, онда да Лондонда сақталады.

0 пікір
Мұрағат