Интеллектуалды экономика
Интеллектуалды экономика
7 жыл бұрын 7048 alashainasy.kz Спанқұлова Ләззат Сейтқазықызы Экономика ғылымдарының докторы, профессор Шәкәрім Әбдікәрімұлы 1 курс магистранты «НАРХОЗ» Университеті

Интеллектуалды капитал, интеллектуалды меншік және интеллектуалды актив терминдерінің айырмашылықтары неде? Соңғы уақытта отандық және шет елдік әдебиеттерде, сонымен қатар, іскерлік жиындарда «интеллектуалды капитал», «интеллектуалды меншік» және «интеллектуалды актив» терминдерін жиі кездестіруге болады. Бір қызығы, бұл терминдер қолданысына қарай әр түрлі объектілерге жатқызылады. Әркім бұл «заманауи» терминдерді өзінше түсінеді. Іс әрекетімізде және түсінігімізде ауытқу болмау үшін бұл терминдерді қандай объектілерде қолданған жөн? Дегенмен, нақты практикада аталған түсініктердің араласып, алмасып кетуі қарастырылатын құбылыстың теориялық мәнін де практикалық аспектілерін де жете түсінбеуге әкеп соғады. Оның себебі, нақты анықтамалардың жоқтығы және қазіргі авторлардың терминдерді қолданудағы еркіндігі. 

Жалпы, интеллектуалды капитал, интеллектуалды меншік және интеллектуалды актив терминдерінің айырмашылықтары неде деген сұрақтың құрылымы дұрыс деп айту қиын, себебі, аталған терминдер әр түрлі облыстарға жатады және мүлде әр түрлі мағыналарды сипаттайды. 

Интеллектуалды меншік – субъектінің белгілі бір материалдық емес объектіге меншік, иелік етуінде көрініс табатын заң саласының термині.

Азаматтық кодекстің анықтамасына сәйкес интеллектуалды меншік азаматтың немесе заңды тұлғаның интеллектуалды қызмет нәтижесіне берілетін арнайы заңды құқығы. Одан да кең ауқымды анықтаманы Дүние жүзілік интеллектуалды меншік ұйымы береді. Экономикалық тұрғыда бұл термин айтарлықтай мәнді мағына бере алмайды, себебі, интеллектуалды объектінің табыс алып келу қабілеті көп жағдайда сол объектінің заңды түрде тіркелуіне тікелей байланысты емес.

Сонымен қатар, азаматтық құқық бойынша, объектінің позитивті құқығын заңмен қорғау міндетінен айырады. Мысалы, патент – бұл позитивті құқық. Ал ноу-хау – табиғи құқық, себебі, бұл жеке адамның білімі. Яғни, бұл материалды емес объектінің сапалы сипаты ғана.

Интеллектуалды капитал – объектінің құндылығын ақша өлшемімен бағалайтын, материалды емес объектінің қаржылық термині. 

Аталған түсінік негізінен менеджерлердің төмендегідей қызметтерінде қолданылады:

• Өнімінде аз да болса интеллектуалды компоненті бар бизнесті бағалауда;

• Персоналдың құндылығын және материалды емес активтерді бағалауда;

• Инвестиция тарту мақсатымен фирманың нарықтық тұрақтылығын сипаттауда.

Интеллектуалды актив – материалды емес объектінің табыс алып келу қабілетін көрсететін экономикалық термин. Бұл термин сандық және динамикалық сипаттама есебінде, себебі табыс табу белгілі бір уақыт аралығында болады. 

Объект бағалану әдісіне қарай әр түрлі мәнге ие болады. Егер объектінің құрылуына қаражат жұмсалған болса, онда шығындарды есептеу әдісі бойынша объектіні капиталға жатқызуға болады. Бірақ ең тиімдісі нарықтық немесе табысты әдіс болып есептеледі. Егер объектінің құны нөлден жоғары болса, онда оны капиталға жатқызамыз. Егер ол табыс алып келетін болса, онда ол актив. Егер объект заңмен қорғалған болса, онда объектіні интеллектуалды меншік ретінде қарастырамыз. 

Алайда, кейбір объектілерге азаматтық құқық тарапынан және бухгалтерлік жүйеден шектеу қойылған. Мысалы, егер қызметкер табыс алып келетін болса, онда ол – актив болады (нақтырақ айтсақ, қызметкердің өзі емес, іскерлік қабілеті). Яғни, мекеменің активі болып есептеледі. Дегенмен, Азаматтық кодекске сәйкес, адамдардың объект ретінде саналатын іскерлік қабілеттері интеллектуалды меншік тұрғысынан қарастырылмайды. Сол себептен, объект бұл категорияға жатпайды.

Компания иесінің іскерлік қабілеті актив бола ала ма? Әрине, егер табыс алып келетін болса. Бірақ, капитал ретінде қарастыруға бола ма? Оны сату мүмкін емес. Оның белгілі бір нарықтық құны жоқ. Сондықтан, компанияны сатуда ескерілуі екі талай. Яғни, оны капиталға да интеллектуалды меншікке де жатқыза алмаймыз. 

Қорыта келсек, «аталған терминдердің айырмашылықтары неде?» деген сұрақтың мәні жоқ. Әр объект әр категорияға жатқызылуы мүмкін. Яғни, ол үш категорияның үшеуіне де не біреуіне, тіпті, ешқайсысына да жатпауы мүмкін. Маңыздысы, нақты жағдайда объектінің қандай қасиеттері негізгі рөл атқарады – объектінің табыс алып келу қабілеті, меншік құқығына ие болу және басқару не болмаса объектіні ақшалай бағалау.

0 пікір
Мұрағат