|
Жалғыздықтың өзгеше себебі анықталды
|
Халықаралық ғалымдар тобы жалғыздық біздің өзгелерді қалай қабылдайтынымызға ғана әсер етіп қоймай, сонымен қатар, адамның өзін бағалауға теріс ықпал ететінін анықтады. Бұл жайында islam.kz порталы Psychophysiology мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Өздерін жалғызбасты сезінетін адамдар көбінесе өзгелерге аз қолдау көрсетемін деп ойлайды және отбасымен қарым-қатынаста көп қиындықтар туғызамын, деп санайды. Жалғыздық қорыну сезімімен қатар жүреді. Бұл бағыттағы зерттеу авторлары жалғыздық - жаныңда адамдардың болмауы ғана емес, жақын және сапалы байланыстардың жетіспеушілігінен пайда болатын субъективті сезім екенін атап өтеді. Бұл ретте адам достары мен туыстарының қолдауынан кенде болмауы мүмкін, алайда, бәрібір олардан өзін оқшау сезінеді. Мұндай ішкі «дабыл белгісі» жанжал немесе жағымсыз қатынас кезінде сезімталдықты арттырады, бұл жайт кейде туыстық немесе достық байланыстарды қалпына келтіруге көмектескенімен жалғызбасты адам одан ары тұйықталуға әкелетін факторға айналады. Бұл тараптағы зерттеуге орта және ересек жастағы америкалықтардың денсаулығы мен психологиялық әл-ауқатын зерттейтін MIDUS жобасынан 824 адам қатысты. Олардың жалғыздық дәрежесі, өзгелермен қарым-қатынасына қаншалықты маңыз беретіні ескерілді, сондай-ақ, парасимпатикалық жүйке жүйесінің жұмысын және организмнің күйзеліске бейімделу қабілетін көрсететін жүрек соғысының ырғағы өлшенді. Нәтижесінде жалғыздық сезімі неғұрлым жоғары болса, олардың қарым-қатынастағы өз үлесін соғұрлым теріс бағалайтынын көрсетті. Дәлірегі, өзінің өзгелерге ұсынатын елеулі ештеңесі жоқ деген қорсыну сезімінің әрдайым басым түсетіні анықталған.