Жер тозып барады
Жер тозып барады
8 жыл бұрын 4313 qamshy.kz Ш.Жылқыбаева

Бүгінде бүкіл жердің үштен бірі эрозия, герметизация, тұздану, т.б. әсерінен әбден тозған. Жердің тозуына топырақ құнарының төмендеуі, жерді дұрыс игермеу және оны бейберекет пайдалану нәтижесінде органикалық заттардың азаюы негіз болған. Мамандардың айтуынша, жалпы жердің 33 пайызы пайдалануға жарамсыз. Егер адамзат жер ананың тағдырына селқос қарауын тоқтатпаса 2050 жылы 1960 жылдардағы тың жердің тек төрттен бірі ғана қалмақ. Топырақтану ғылымдарының теориялық негізін салған Ресей ғалымы В.В. Докучаев «Топырақ көмірден де, тіпті, мұнай мен алтыннан да қымбат» деген екен. Ең бастысы, 1 шаршы сантиметр топырақты қалпына келтіру үшін бірнеше мың жыл қажет екендігін неге ескермейміз? Топырақтың басқа ресурстардан ерекшелігі, күтіп пайдаланса, құрамы жақсарып, құнарлана түседі екен. Табиғатты құрметтеуді ұмытқан пенделердің немқұрайлы әрекетінен топырақ құнарсызданып, егістік жерлер жылына 1,5 миллион гектарға дейін азайған. Ақшаға шаққанда бұл 2 миллиард доллар шамасында.   Шет елде топырақты да ұлттық қауіпсіздікпен байланыстырады. Бүгінде шет мемлекеттердің талайы топырақты ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлшегі ретінде қарастыруға көшкен. Мәселен, Ресей ғалымдары «Топырақ туралы заң» қабылдау қажеттігін ұсынуда. Әлем бойынша адам санының өсуі мен жерді дұрыс пайдаланбау нәтижесінде жыл сайын 7 миллион гектар топырақ пайдалануға жарамсыз боп қалуда. Әр адам басына шаққандағы топырақ мөлшері жылына 2 пайызға кемуде. Жыл сайын жер бетінде адам саны 80 миллионға көбейеді екен. Осы тұрғыдан алғанда жер өнімділігі жылына 24-30 миллон тоннаға өсіп отыруы керек. Өңделетін жер көлемі Еуропада 30 пайыз деңгейінде, ал Үндістан жерінің тең жартысы егістікке арналған. Африканың 27 пайызы жайылымдық жер, бұл құрлықтың 44 пайызы шөлге жатады. АҚШ жерінің 20 пайызы, Канаданың 7 пайызы игерілген. Латын Америкасындағы жердің жартысынан көбі орманды, өңделетін жер 7, жайылым 26 пайыз көлемінде. Жалпы жер шары бойынша дұрыс пайдаланылмаған жер көлемі бәрінен асып түседі. Азия жерінің 600 мың шаршы шақырымы игеруді қажет етсе, Америка құрлығында бұл көрсеткіш 700 мың шаршы шақырым. Жердің тозуына урбанизацияның әсері қомақты. Америкада қалалардың көбеюінен жылына 350 мың гектар егістік жоғалады екен. Соңғы 300 жылда жер бетіндегі ормандар екі еседен артық деңгейге дейін азайып, шөл-шөлейт аймақтар көбейген.

0 пікір
Мұрағат