|
19 жыл бойы перзент сүюге зар болып келген ерлі-зайыптылар АІ көмегімен балалы болды
|
Колумбия университетінің репродуктивті медицина орталығында (Columbia University Fertility Center) әзірленген STAR (Sperm Track and Recovery) жүйесі біліктілігі жоғары мамандар екі күн бойы нәтижесіз зерттеген үлгідегі өміршең шәуеттерді тапты. Бұл жайында islam.kz порталы edition.cnn.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Рози есімді 38 жастағы келіншек пен оның ері табаны күректей 19 жыл бойы бір перзентке зар болып, бармаған жері, баспаған тауы қалмаған екен. Бұл аралықта олар ЭКО (жасанды жолмен ұрықтандыру технологиясы) 15 процедурасынан өткен, алайда, олардың барлығы сәтсіз аяқталған. Белсіздіктің себебі – азооспермия (ұрық құрамында шәует болмайтын, сирек кездесетін дерт). Азооспермия дерті бүгінде күллі әлем бойынша белсіздіктен зардап шегетін ерлердің шамамен 10%-да кездеседі. Емі қиын дерттердің бірінен саналады. Әдеттегі ұрықта 200-ден 300 млн-ға дейін шәует болса, аталмыш дертте болар-болмас кездеседі, тіпті, сағаттап отырып, микроскоппен іздеп табу мүмкін емес. Әдеттегі ем-дом ота арқылы ерлердің жұмыртқасынан шәуетті алуға немесе донорлық шәуетті пайдалануға саяды. Бұл белсіздіктен зардап шегетін ер адам үшін ауыр жанға бататын процедура. 2025 жылдың наурыз айында Рози мен оның еріне STAR технологиясының мүмкіндігін пайдаланып көруге ұсыныс айтылады. STAR жүйесі адам микроскоппен іздеген кезінде көрінбейтін сирек шәуеттерді анықтай алады және оқшаулайды, дәлірегі, бірегей технология миллиондаған микроскопиялық бейнелерді сканерлеу үшін AI мен микрофлюидті чипті пайдаланады. Чипке орналастырылған шәует үлгісін жүйе бір сағаттан аз уақытта сегіз миллионнан астамын суретке түсіреді әрі ұрпақ өрбітуге қабілеттілерін табады. STAR жүйесі осылайша бір сағат ішінде тірі 44 шәуетті іздеп тапқан. Колумбия университетінің репродуктивті медицина орталығының директоры Зев Уилиамстың (Dr. Zev Williams) айтуынша, STAR жүйесі тірі шәуетті қоректік ортаға оқшаулап, одан ары ұрықтандыру процесі үшін оның өміршеңдігін қамтамасыз етеді. Қазір Розидің аяғы ауыр, жүктіліктің төртінші айында. Осы жылдың желтоқсан айында тұңғышын көріп қалады. STAR жүйесінің көмегімен жүзеге асырылатын процедура құны – шамамен 3000 доллар.