|
Адам даусын танып, техниканы басқара алатын ақылды мата жасалды (видео)
|
Айрықша мата қимыл-қозғалыстан пайда болатын зарядты дыбысты аулайтын сигналға айналдыратын трибоэлектрлі әсерді (эффект) пайдаланады. Бұл жайында islam.kz порталы Science Advances мерзімді басылымына сілеме жасай отырып мәлім етеді. Сушоу университетінің (Қытай) ғалымдары кәдімгі киімді интерактивті дауыстық интерфейске айналдыратын A-Textile матасын әзірледі. Енді тұрмыстық техниканы басқару, навигациялық кеңестер алу немесе жасанды зердемен өзара әрекеттесу үшін көйлекпен немесе жейдемен сөйлесу жеткілікті. A-Textile матасын батареялар мен қосымша құрылғыларды қажет етпейтін шағын микрофонға қалай айналдырды? Мата дауысты қалай аулайды? A-Textile трибоэлектрлік әсерді пайдаланған: мата талшықтары үйкелгенде немесе адамның қимыл-қозғалысында кішкене электростатикалық зарядтар пайда болады. Бұл зарядтар дауыстың дірілін тіркейтін электр сигналдарына айналады. Сигналдар смартфонға немесе компьютерге жіберіледі, онда жасанды зерде моделі командаларды танып, дыбысқа айналдырады. Матаны жасау үшін зерттеушілер үш қабатты біріктірді. SnS ₂ наноструктуралары бар силиконды резеңке зарядтарды жинауды жақсартады, карбонизацияланған мақта оларды сақтайды, ал жоғарғы қабат матаны жұмсақ, икемді және жууға жарамды етеді. Осының арқасында мата паскалға 1,2 вольт сезімталдықпен 21 вольтқа дейін бере отырып, тіпті, адам не деп сыбырлағанын да аулай алады. Сигналдарда өңдеу үшін зерттеушілер терең оқу моделін әзірледі. Ол дыбыстық командаларды таниды және құрылғыларды тікелей басқаруға мүмкіндік береді - оның ішінде желдеткіш (кондиционер), шамшырақ ұрылғылары, Google Maps, сондай-ақ, ChatGPT-мен өзара әрекеттесуге мүмкіндік бар. Бірегей жүйе, тіпті, шулы ортада да 97,5% дәлдігін көрсетті. "Біздің сынақтарымыз матаның зияткерлік көмекшіге оңай айналатынын көрсетті. Ол командаларды тыңдап, танып, оларды бірден орындайды", - деп атап өтті авторлар. Бұрын әзірленген, 2022 жылы Массачусет технологиялық институтында жасалған «акустикалық маталар» немесе 2019 жылы Вангтың пьезоэлектрлік композициялары қатты элементтерді қажет ететін, соның өзінде сигналды әлсіз беретін, ал бұл жайт нақты уақыт аралығында адамның сөзін тануға немесе дыбысты аулауға кедергі келтірді. A-Textile матасында нақты уақытта дауысты дәл және байланыссыз тануды қамтамасыз ететін сезімталдықты арттыру үшін SnS ₂ наноструктуралары пайдаланылды. Матаның электростатикалық зарядтары сымсыз және батареясыз құрылғыларды басқара отырып, AI командаларға айналдыратын сигналдар жасайды. Бұған қоса, бұрынғы ақылды маталардан айырмашылығы – мына мата жұмсақ, икемді және күнделікті киюге жарамды болып қалады.