|
Әлемде ұшатын электр стансаны іске қосқан алғашқы ел (видео)
|
Қытай мамандары әлемде алғашқы болып ұшатын электр стансаны іске қосты. Бұл жайында islam.kz порталы The Universe Space Tech ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Осылайша Қытай тіршілікке қауіпсіз, қоршаған ортаға залалы жоқ бірегей әрі ерекше жобаны жүзеге асырды. Қытайдың солтүстігінде орын тепкен Шыңжан аймағында күллі әлем бойынша 1 мегаватқа дейін энергия алуға мүмкіндік беретін, құны 1500 долларлық алғашқы әуе жер турбинасы – дирижабл көкке көтерілді. Ұзындығы 60 метрге жететін аппарат 12 генератормен жабдықталған. Бұл құрылғы екпіні жоғары аспан желінен энергия өндіріп, тросс арқылы жерге жібереді. Әдеттегі жерде орнатылатын жел турбиндеріне қарағанда ол мұнара мен іргетасты (фундаментті) қажет етпейді. Бұл артықшылық жаңғыртпалы энергия өндіретін қондырғыларға кететін материал шығынын 40%-ға, ал оны іске қосу үшін пайдаланылатын электр энергиясын 30%-ға үнемдеугі мүмкіндік бермек. Аралдарға, шөл және шөлейт далалық өңірлерге, қысқасы, жел соққан қалаған жағыңызға бұрып, энергия жинай алады. Ол ол ма, мұндай құрылғының ең басты қолайлы артықшылығы – энергия өндіруге мүмкіндігі аз өлкелерді энергиямен қамтамасыз етуде жатыр. Бұл айрықша құрылғыны SAWES компаниясының инженерлері Қытайдың ғылым академиясының және Цинхуа университетінің ғалымдарымен бірігіп әзірлеген.