|
Бактериялардың антибиотикке төзімділігінің қалыптасуының тағы бір себебі анықталды
|
Пластик тек қоршаған ортаны ластап қана қоймай, сонымен қатар, бактериялардың антибиотикке төзімділігін қалыптастыруға атласалысады. Пластиктің осындай тағы бір қатері анықталып, жалпы тіршілікке төндірер қаупі ұлғайып, ең зиянды ластаушы затқа айналып отыр. Бұл жайында islam.kz порталы Journal of Hazardous Materials мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ғалымдар мұндай тұжырымға келмес бұрын алдымен пластиктің өндірісінен бастап, пайдалануға, қайта өңдеуге, жоюға дейінгі өмірлік кезеңдерін (циклін) толық талдаудан өткізген екен. Нәтижесінде оның дәрі-дәрмекке төзімділігін қалай қалыптастыратынына көз жеткізген. Енді тарқатып әрі нақтырақ айтсақ, пластик үшін мұнай мен газді өндіру кезінде биоцидтер қолданылады. Аталған шикізат қоршаған ортаға тап болғанда онымен бірге ауыр металдар мен қосындылар қоса бөлінеді. Бұл заттар кері процесті іске қосады – улы заттарға бой үйреткен бактериялардың дәрі-дәрмекке төзімділігі қалыптасады. Бұдан бөлек, өндіріс кезінде пластикке пластификатор, стабилизатор және полимердің беріктігімен еш байланысы жоқ әрі біртіндеп шайылатын микробқа қарсы компоненттер қосылады. Бұл тараптағы зерттеу нәтижесі көрсеткендей, мұндай заттар өз кезегінде бактериялардың бір-біріне тұрақтылық генін беру тетігінің белсенділігін арттырады. Қауіп пластик пайдаланылғаннан кейін де сақталады: полигондарда және қоқыс сүзгілерінде тұрақты штаммдар табылып жатыр, ал теңіздер мен өзендерде «пластисфера» - орнықтылық гендері белсенді күйінде қалатын пластикалық қалдықтардың бетіндегі микроорганизмдер колониялары қалыптасады. Пластикті қайта өңдеу кезінде ахуал одаан ары күрделі сипат алады: қайта пайдаланылатын материалдарда металдар мен қоспалардың шоғырлану деңгейі артуы мүмкін, ал жуу және дезинфекциялау құралдары технологиялық процестерден сарқынды суларға түсіп, қоршаған ортаның ластану қатерін арттырады.