|
Берік әрі экологиялық жағынан зиянсыз тасжол балдырдан жасалды
|
Мұндай биологиялық материалдың су өткізбейтін қасиеті жоғары, тасжолдың өздігіне қалпына келуіне ықпал етеді. Ал Бұл артықшылықтар жолды ұзақ уақыт пайдалануға мүмкіндік береді әрі тесілген немесе жарықшақ түскен жерін жамап-жасқау (яғни, техникалық қызмет) шығынын төмендетеді. Бұл жайында islam.kz порталы ACS Sustainable Chemistry & Engineering мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жолдағы ой-шұңқыр қолайсыздық тудырады және тасжолды төсеуде қолданылатын битум қоршаған ортаға зиянды. Битум мұнай шикізатын өңдеу арқылы алынатын өнім болғандықтан экологиялық жағынан зиянды. Ол тас пен құмды байланыстыратын желім қызметін атқарады. Алайда, күн суытқанда өзінің икемділігін жоғалтып, жолда жарықшақтың пайда болуына, тозуына ықпал етеді. Уақыт өте келе жарықшақ шұңқырға айналып, жолдағы қауіпсіздікке қатер төндіреді. Мұндай жолды жөндеу жұмыстары жиі жасалатындықтан шығыны да көп. Аризона штатының университетінің Элхам Фини есімді ғалымы бастаған топ мұнай байланысты өнімді биоматериалмен алмастыруды мақсат еткен. Бұған дейін ғалымдар балдырдан алынған майдың битумнан кем түспейтінін, ол ол ма, суықта икемділігін жоғалтпайтынын дәлелдеген болатын. Таяудағы бұл тарапта арнайы жүргізілген зерттеу барысында америкалық мамандар балдырлардың төрт түрінің майын салыстырып көрген екен. Ең жақсы нәтижені тұшшы суда кең таралған microproches Haematococcus pluvialis түрі көрсетті. Компьютерлік модел балдырдан алынған әрбір 1% шамасындағы биоматериал тасжолдың көміртек залалын шамамен 4,5% -ға төмендететінін көрсетті. Құрамында 22% шамасында мұндай қоспа теориялық тұрғыдан көміртектің зиянын бейтараптандырады немесе залалсыздандырады.