Электр желісін істен шығаратын қару пайда болды (видео)
|

Қытайдың орталық теледидары көрермендеріне жаңа қарудың ерекшелігін көрсететін анимациялық фильмін ұсынды. Бірегей технология электр стансалары мен электр желілерін істен шығаруға қауқарлы. Бұл жайында islam.kz порталы military.cctv.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Сонымен қатар, жаңа құрылғының қарсыластың басқару және бақылау жүйелерін бұза алатынын Қытайдың аэроғарыштық ғылымдар корпорациясы (CASC) нақтылады. Олар, сондай-ақ, оның 10 мың шаршы метр аумақта электрмен қамтамасыз ету көздерін жаппай өшіре алатын қабілеті барын да жасырмады. Жаңа қарудың атауы мен сипаты жарияланған жоқ. South China Morning Post мерзімді басылымы сөзге тартқан сарапшылардың пікірінше, бұл қару зымыран түрінде де немесе графитті бомба түрінде де болуы ықтимал. Оның ұшу қашықтығы – 290 шақырым. Осы орайда өткен жылдың қараша айында қытай ғалымдары микротолқынды қарудың жаңа түрін сынақтан өткізгенін айта кетпекпіз. Оның ең басты артықшылығы – электромагнитті толқындарды үйлестіріп бағыттай алатындығында.




