Ең қауіпті қан тобы аталды
|

Бірінші қан тобындағылардың ауыр жарақаттан өлу қатері жоғары болып шықты. Бұл жайында islam.kz порталы cursorinfo.co.il ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жапон ғалымдарының тұжырымы осындай. Күншығыс елі ғалымдарының дерегінше, бірінші қан тобындағылардың өзге қан тобындағыларға қарағанда жарақат алғанда қан жоғалтудан өлу қатері үш есе жоғары болып келеді. Өйткені, бірінші қан тобындағылардың қан ұйыту процесінде маңызды рөл атқаратын негізгі гликопротеин - фон Виллебранд факторының деңгейі төмен. Гликопротеин тапшылығынан қан кетуді тез тоқтату қиын. Бұдан бөлек, дәрігерлердің айтуынша, бірінші қан тобындағылардың организмі тамыр зақымдалғанда баяу реакция танытады. Дегенмен, бірінші қан тобының осындай кем-кетігіне қарамастан донорлықта әмбебап – барлық қан тобына жарай береді. Әсіресе, О (теріс резусты) қан тобының эритроциті кез келген адамға құюға жарайды. Бірінші қан тобының бұл ерекшелігі зардап шегушінің өмірін ажалдан арашалап қалу үшін әр мезеті қымбат кезде қан тобын анықтауға уақыт жұмсамауға мүмкіндік береді, яғни, шұғыл трансфузияда маңызды рөл ойнайды. Бұған қоса, бірінші қан тобындағылардың қанның түйіршіктеліп ұйып қалу қатері өте төмен келеді. Жүрек-қан тамыр ауруларынан сақтайды. Дегенмен, бұл артықшылық жарақат алғанда керісінше кемшілікке айналады – қан тоқтамайды.




