Ислам әлемінің «Нобелін» биыл кім алды (фото)
Ислам әлемінің «Нобелін» биыл кім алды (фото)
1 ай бұрын 887 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Ислам өркениетінің алтын ғасырын қамтитын кезеңде адамзатқа игілік әкелер талай жаңалықты ашқан, өз алдына бөлек тұтас ғылым саласын қалыптастырған ұлы тұлғалар тарихтан белгілі: Әбу Насыр әл Фараби, Ибн Сина, әл Хорезми, әл Рази, Ибн әл Хайсам, т.б. Осынау әлемге әйгілі көрнекті тұлғалардың жасампаз істері мен баға жетпес мұрасын жаңғырту, дәріптеу, насихаттау, ұрпақ есінде қалдыру мақсатында 2012 жылы Иранда «Мұстафа» атты қомақты сыйлық құрылды. Бұл жайында islam.kz порталы Islamosfera ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Айтулы сыйлық адам өміріне тікелей ықпал ететін медицина, ақпараттық және коммуникалық ғылым, сондай-ақ, наноғылым салаларында елеулі зерттеулерімен немесе жетістіктерімен көзге түскен Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше 57 елдің ғалымдарына тағайындалады. Аталмыш сыйлықтың жүлде қоры қомақты – 500 000 доллар, екі жылда бір мәрте Иранда салтанатты түрде табыс етіледі. Атаулы сыйлық тек ақшалай марапттан ғана тұрмайды, сонымен қатар, 24 карат алтынмен қапталған, 700 грамм тартатын, 925 сынамалы күмістен жасалған және «Мұстафа» сыйлығының атауы араб қарпімен жазылған йемен қызыл агатымен безендірілген төсбелгісі қоса беріледі. Сондай-ақ медалға мұсылман өркениетінің ғылыми жетістіктерінің рәміздерінің бірі ретінде астролябия бейнеленген. Сыйлық мемлекет есебінен емес, ғылым мен технология бойынша «Мұстафа» қоры арқылы қайырымдылық арқылы қаржыландырылады. Сыйлықтың қайырымдылық қоры арқылы қаржыландырылуы сыйлықтың тәуелсіздігін сақтау стратегиясын білдіреді. Қор тек сыйлық тағайындаумен немесе тапсырумен шектеліп қалмайды, ислам әлемінің ғалымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және жас зерттеушілерді көтермелеуге бағытталған Ғылым мен технология саласындағы алмасу бағдарламасы (STEP), Қоғамға арналған білім мен тұжырымдамаларды қолдану байқауы (KANS) және «Нұр» студенттік конкурсы сияқты басқа да іс-шараларды өткізеді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен сарапшылар «Мұстафа» сыйлығын «Ислам әлемінің Нобел сыйлығы» деп атайды. Қор өкілдері оның мақсаты - ғылыми жетістіктерді танудың батыстық жүйелерімен бәсекеге түспей, ислам әлемінің ғылыми дәстүрін жаңғырту екенін атап өтті. Мұндай тәсіл дамушы елдер арасындағы ынтымақтастық үшін тұғырнама құрады және ислам әлемінде «жаңа ғылыми одақты» қалыптастыруға ықпал етеді. Иран үшін сыйлық, сондай-ақ, ғылыми дипломатия арқылы сындарлы халықаралық диалог орнату және оның беделін нығайту құралы. Nature мерзімді басылымы 2015 жылғы мақаласында Мұстафа сыйлығын «Иранның ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге ұмтылысының көрінісі» деп бағалаған. 2025 жылдың қыркүйек айының 8-де Теһран қаласында алтыншы «Мұстафа» сыйлығын тапсыру рәсімі өтті. Оның лауреаттары - обырды емдеу кезінде сирек жасушаларды табу үшін әзірленген микрофлюидика теориясы үшін түрік ғалымы Мехмет Төнер, перовскиттік күн батареяларымен жұмыс істегені үшін үнді ғалымы Мұхаммад Қажы Назируддин және жасанды зерде алгоритмдерімен жұмыс істегені үшін ирандық ғалым Уахаб Миррокни иеленді.

 

0 пікір
Мұрағат