|
Жасанды нейрондар шынайы биологиялық процесті орындай алады
|
Адам миында 86 млрд нейрон бар және ондағы процесті қайта қалпына келтіру өте қиын. Соған қарамастан Солтүстік-Батыс университетінің (Америка құрама штаттары) ғалымдары адам нейрондарының жұмысын сала алатын (имитациялайтын) жаңа органикалық электрохимиялық нейрон жасай алған. Бұл жайында islam.kz порталы sciencedaily.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл нейрондар жасанды тактилді рецепторлармен (жанасу сезімін тудыра алатын) және синапстармен біріктірілді: нәтижесінде жанасуды «сезіне» алатын жүйе пайда болды. Бұл жаңалық неғұрлым жетілдірілген роботтар мен зияткерлік жүйелерді құруға мүмкіндік бермек. Адам сезiмiн сала алатын (имитациялайтын) жасанды қабылдау жүйелерiн әзiрлеу органикалық электроника жөнiндегi мамандар үшiн алынбас қамал болып қалуда. Қабылдау - қоршаған ортадағы ақпаратты үнемі өңдейтін сенсорлық нейрондардың бейімделген желісінің жұмыс нәтижесі. Бұл процесті жасанды жүйелерде қайта құру қиын. Ғалымдар адам нейрондарына тән жиілік диапазонында әрекет ете алатын өнімділігі жоғары органикалық электрохимиялық нейрон жасады. Оның негізінде - инновациялық жартылай өткізгіш және тік архитектурасы бар органикалық электрохимиялық транзистор (OECT) жатыр. Зерттеушілер синтетикалық нейрондарды жасанды, тактилді рецепторлармен және синапстармен біріктіріп, басқа да органикалық материалдарды қосып, нәтижесінде кешенді қабылдау жүйесіне ие болды. Бұл жүйе нақты уақыт режимінде немесе аралығында тактилді сигналдарды өңдеуге қабілетті. Қолданыстағы жасанды нейрондық тізбектер, әдетте, тар жиілік диапазонында іске қосылады. Жаңа синтетикалық нейрон қазіргі заманғы органикалық электрохимиялық нейрондық тізбектерге қарағанда 50 есе кең диапазонмен рекордты жиілік модуляциясын көрсеткен. Болашақта бұл тараптағы зерттеулерде ғалымдар құрылғылардың көлемін азайтуды жоспарлауда.