Жасанды зерде құрастырған роботтың «сұмдығы» неде (видео)
Жасанды зерде құрастырған роботтың «сұмдығы» неде (видео)
1 сағат бұрын 34 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Америка құрама штаттарының Солтүстік-Батыс университетінің (Northwestern University)  ғалымдары эволюциялық даму алгоритмдеріне негізделген роботтар құрылымы үшін жасанды зерде технологиясын қолданып, робот техникасында бірегей зерттеу жүргізді. Бұл жайында islam.kz порталы New Atlas мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Америкалық ғалымдар әдеттегі инженерлік тәсілдің орнына алгоритмдерді пайдаланды - олар табиғи іріктеу тұрғысынан неғұрлым сәтті нұсқасын таңдап алды. Симуляторда АІ іріктелген нұсқаларды күрделі жағдайларда, соның ішінде ықтимал кедергілермен, зақымданулармен сынап көрді және қозғалыс үшін кездейсоқ жолмен кез келген ортаны таңдау арқылы конструкциялардың нұсқаларын сынақтан өткізіп, беріктігін, ұтқырлығын, т.б. қабілетін тексеріп көрді. Нәтижесінде адамдар үшін әдеттен тыс, яғни, адам ойына келе бермейтін құрастыру мен қозғалыс нұсқалары пайда болды, олар конструкцияларға барынша қозғалысты және кез келген қатерлі сәттер мен тосқауылдардан аман қалуды қамтамасыз етті. Мұндай роботтың әрбір модулі қарапайым құрылымға ие: екі айналмалы «аяқ-қолы» бар ортасындағы шар роботқа өз бетінше сырғанауға, секіруге немесе айналуға мүмкіндік береді. Бірнеше модулді қосу арқылы (балалар конструкторының бөлшектеріне ұқсас) күрделі конфигурациялар жасауға болады - төрт аяқты нысандардан бастап жорғалаушыларға немесе нақты әлемде сипаттамасы жоқ құрылымдарға дейін. «Эволюциялық» роботтардың ең басты қасиеті - оларды жоюдың қиындығы. Механизмдер, тіпті, бір немесе бірнеше «аяқты» жоғалтқаннан кейін де қозғалуын жалғастырады. Мұндай жағдайларда қалған модулдер бірден қайта құрылады, жүрісін өзгертеді немесе жеке «дара» робот ретінде сапарын жалғастырады. Ой-шұңқырды, қалтарыс-бұлтарысты, шөп-шаламды, лай батпақты, т.б. еңсере алатын ерекше робот «аяғынан» артына қайырыла алады немесе бұрыла алады. Қандай да бір деталіне немесе бөлшегіне зақым келген әдеттегі роботтар істен шығып қалады, ал жасанды зерде технологиясы жобалаған мета-конструкция робот техниканың жаңа мүмкіндігін көрсетіп берді. Мұндай конструкция робот техникадағы ең күрделі міндеттердің бірін – автономдылығын, яғни, өз бетінше әрекет ететін дербестігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Мұндай айрықша қабілетке ие роботтар төтенше жағдайларда құтқару жұмыстарына, апат аймағын барлауға, т.б. көп көмектеседі.

0 пікір
Мұрағат