Кәрілікпен күресу үшін гендік терапия емінің әдісі әзірленді
Кәрілікпен күресу үшін гендік терапия емінің әдісі әзірленді
4 жыл бұрын 3049 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Америкалық ғалымдар адамның өмір сүру жасын ұзартуға мүмкіндік беретін гендік терапия әдісін ойлап тапты. Генетикалық тұрғыдан емдеуге қатысты зерттеу нәтиіжесі Proceedings of the National Academy of Sciences мерзімді басылымында жарияланды. Адамның жасы ұлғайған сайын қазақша айтқанда ыңқыл-сыңқылы көбейіп, жылдар бойы елемей келген аурулары асқынып, соның ішінде, жүрек пен бүйрек ақауынан, сусамырдан, артық салмақтан, т.б. аурулардан зардап шегеді. Әдетте бұл аурулар бір-бірімен байланысты, соған орай мұндай аурулардың біреуі қозса, өзгелелері де бой көтеріп, денсаулығы сыр береді. Нәтижесінде айналдырған ауру алмай қоймайды. Осы заманғы медицинада аурулардың бір-бірімен өзара байланысы ескерілмей тек жекелеген ауру түріне ғана назар аударады. Осы заманғы медицинаның басты кемшілігі де осында. Осынау олқылықтың орнын толтыру үшін Гарвард университетінің және Гарвард медицина мектебінің ғалымдарын жасы егде тартқан адамдардың жалпы денсаулығын қалай жақсартуға болатыны толғандырған екен. Осы бағытта ізденген ғалымдар түрлі тәжірибе жүргізіп көрген болатын. Тышқандарға жасалған тәжірибе нәтижесінен белгілі болғандай, FGF21, sTGFβR2 және αKlotho үш ген экспрессиясының тышқандардың ғұмырын ұзартып, денсаулығын жақсартқанына көз жеткізген. Яғни, аталған гендердің көшірмелерін тышқан ағзасына енгізгенде кәрілікпен күресте тиімділігін көрсеткен. Гарвардтық ғалымдар AAV8 аденоассоциирленген вирустың көмегімен әрі ұзақ жасауға септігін тигізетін гендерді енгізуге негізделген жаңа гендік терапия тәсілін ойлап тапты. Гендерді енгізу құралы ретінде AAV8 серотипін пайдалана отырып, гендердің әрбіреуі үшін трансген деп аталатын гендік терапияның жеке құрылымын (конструкциясын) жасады. Бұл әдістің мәні мынада: вирустық вектор трансгенді ағза жасушасына жетекізіп, оны ДНК-ге кіріктіреді. Осылайша қажетті ақуыз белсенді бөлінетін болды. Трансгеннің синергетикалық тиімділігін тексеріп көру үшін тәжірибе жүргізілген тышқандардың ағзасына жекелей де, ұштастырып та енгізіп көрген еді. Дәлірегі, тәжірибе үшін семіздіктен, сусамырдың екінші типінен, жүрек және бүйрек ақауларынан зардап шегетін тышқандар таңдап алынды. FGF21 генін бір рет енгізгеннен кейін семіз тышқанның салмақ қосуы кеміген, 2-ші типтегі сусамырдан азап шегетін тышқанның да халі жақсарған. sTGFβR2 генін енгізгенде жүрек ақауынан зардап шегетін тышқанның жүрек қызметі 58%-ға жақсарған, сондай-ақ, FGF21 және sTGFβR2 гендерін ұштастырып енгізгенде бүйрек фиброзы бар тышқанның бүйрек атрофиясын 75%-ға кеміткен. Аталмыш зерттеудың ең маңызды тұсы – ағзаға енгізілген трансгендер ұрпағына кері әсер етпейді, яғни, берілмейді.

0 пікір
Мұрағат