Өздігінен тазаратын шыны жасалды
Өздігінен тазаратын шыны жасалды
4 ай бұрын 855 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Қытайдың шығысында орын тепкен Шенжен университетінің ғалымдары өздігінен тазаратын шыны ойлап тапты. Материал шаң-тозаңнан өздігінен тазаруда электр өрісін пайдаланады. Бұл жайында islam.kz порталы advanced.onlinelibrary.wiley.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Шыны әдетте қоршаған орта факторларына байланысты ластанады. Оны тазарту жұмыстарының машақаты мен әуресі көп. Қатері де жоғары. Мәселен, төбесі көк тіреген зәулім ғимараттардың терезелерін шаң-тозаңнан тазарту қажыр-қайратты, уақытта, қаражатты қажет етеді. Ғалымдар бұл бағыттағы тәжірибе барысында зарядталған бөлшектердің өздерін айнымалы электр өрісінің әсерінен күтпеген күйде ұстайтынына көз жеткізді. Кейбір бөлшектер бір жағына қарай жылжудың орнына қозғалыс бағытын өзгертеді немесе кері серпіледі (қандай да бір заттың беткі жағынан кері итеріледі). Осы күнгі тоозаңнан тазартудың көптеген заманауи әдістері құрғақ, шаң-тозаңда жұмыс істемейді немесе тұрақты күтімді талап етеді. Болашағы бар тәсілдердің бірі - бөлшектердің жер бетіндегі орнын ауыстыру үшін электр өрістерін пайдаланады. Тіпт,і марсоходтарда пайдаланылатын электродинамикалық экрандар сияқты технологиялар сұйықтықтар мен абразивтік материалдарды пайдаланбай шаңды жоя алатын мүмкіндігін танытқан еді. Бөлшектердің өлшемі мен электр өрісінің кернеу күшінің бұл қозғалысқа қалай әсер ететінін зерттеген қытайлық зерттеушілер қалыңдығы 0,62 мм болатын жұқа мөлдір шыны жасап шығарды. Аталмыш материал адамның көмегін қажет етпей, органикалық және бейорганикалық бөлшектерден өздігінен тазара алады. Оның үстіне, мөлдір шыны суды, химикаттарды немесе энергияның көп мөлшерін пайдаланбай, бөлшектердің 98% -ын алып тастай отырып, санаулы секундтардың ішінде тазарып шығады. Өздігінен тазартылатын шыны өзіне қонған шаң-тозаңды алып тастап қана қоймай, сонымен қатар, жаңа шаңның шөгуіне жол бермейді. Зерттеушілер электр өрісі қосылғанда, ол ауадағы зарядталған бөлшектерді ауытқытатынын анықтады. Мұндай процесс шынының беткі жағын ұзақ уақыт таза ұстауға мүмкіндік береді. Ғалымдар бұл әдісті «бөлшектерді экрандау әсері» деп атады. Технология ауадан келетін шаңның жиналу көрсеткішін 90% -ға дейін қысқартады. Бірегей технология, әсіресе, құм суыратын аймақтар мен дауыл тұратын өлкелерде маңызды. 

0 пікір
Мұрағат