|
Қан кетуді қас қаққанша тоқтататын ұнтақ жасалды
|
Кореяның KAIST (Korea Advanced Institute of Science and Technology) ғалымдары жарақаттанған жерге сепкенде қас қаққанша тығыз гидрогелге айналып, дереу қан кетуді тоқтататын ұнтақ түріндегі дәрі ойлап тапты. Бұл жайында islam.kz порталы Advanced Functional Materials (AFM) мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Кәдімгі пластырлер мен губкалар “жұмсақ сорғыштар) кішігірім жарақатта ғана тиімділігін танытады, алайда, терең, кедір-бұдыры көп дене аймағында (тегіс емес) немесе қатты қан кететін жараларда тиімсіз болып шығады. Бұдан басқа, олардың көпшілігі температура деңгейі мен ылғалдылықтан тез бұзылатындықтан ондай құраалдарды ауруханадан тыс жерде пайдалану қиын. AGCL деп аталатын жаңа материал шұғыл жағдайлар үшін әмбебап құрал ретінде ойластырылған - операциялық бөлмелерден табиғи апаттар аймақтарына дейін қолдануға болады. Бірегей ұнтақ табиғи әрі биологиялық тұрғыдан бір-бірімен үйлесетін компоненттерден тұрады. Альгинат пен геллан камеді қандағы кальцимен жанасқан кезде бірден жараны физикалық герметизациялайтын гел түзеді. Хитозан қан компоненттерімен байланыстыра отырып, әсерін күшейтеді және қосымша қан кетуді басады. Нәтижесінде жараның бетінде үш өлшемді кедергі тез қалыптасады, ол, тіпті, жоғары қысымға да төтеп береді. Ерекше материал қанды өз салмағынан жеті еседен артық сіңіре алады және 40 кПа-дан жоғары адгезияны (ұстап тұру қабілеттілігін) көрсетеді. Бауырдың зақымдану моделін қоса алғанда, жануарларға жасалған тәжірибелер барысында AGCL коммерциялық құралдармен салыстырғанда қан жоғалту көлемін және гемостаз уақытын едәуір қысқартты. Бұл ретте сауығу жылдам жүрді, ал екі аптадан кейін бауыр ағзасының қызметі толық қалпына келді. «Біз әдеттегі медициналық құралдарды пайдалану мүмкін болмаған жағдайда да тез әрі сенімді жұмыс істейтін материал жасауға ұмтылдық», - деп атап өтті ғалымдар. Зерттеушілердің айтуынша, ұнтақ, сондай-ақ, бөлме температурасы мен жоғары ылғалдылықта екі жылға дейін қасиеттерін сақтайды. Авторлар технологияның төтенше жағдайларды ескере отырып жасалғанын, сол себепті, келешекте шұғыл медицина мен далалық хирургияда кеңінен қолданылуы мүмкін екенін атап өтті.