Терезені күн батареясына айналдыратын технология пайда болды
Терезені күн батареясына айналдыратын технология пайда болды
3 ай бұрын 714 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Қытайдың Нанкин университетінің ғалымдары кәдімгі терезені оның пішіні мен қалыңдығын, т.б. өзгертпей-ақ аса тиімді күн концентратына айналдыруға мүмкіндік беретін мөлдір шыны жабынын ойлап тапты. Бұл жайында islam.kz порталы shazoo ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Мұндай технология өз кезегінде жаңғыртпалы энергия көздерін қала сәулетіне кіріктіруге мүмкіндік бермек. Инновациялық технология субмикронды бүйірлік кезеңділігі бар көп қабатты холестерикалық сұйық кристалдарды пайдалануға негізделген. Бірегей дифракциялық күн концентраторы күн жарығын энергия жинайтын фотоэлементтер орналастырылатын терезенің шеттеріне іріктеп бағыттайды. Бұл бағыттағы зерттеуге жетекшілік еткен Дебей Шан есімді ғалымның түсіндіруінше, холестералық сұйық кристалды пленкалардың арнайы жобаланған құрылымының арқасында циркулярлы поляризацияланған жарықты тік бұрыштармен шыны толқын өткізгішке бағыттайтын жүйе әзірленген. Жаңа концентратордың оптикалық сипаттамалары еріксіз таңдай қақтырады. Девайс шамамен 64,2 пайыз орташа көрінетін ашықтықты және 91,3 пайыз түс беру индексін қамтамасыз етеді. Бұл ретте өзгеше жүйе шыны шетіне түсетін жасыл реңді жарық энергиясының 38,1 пайызына дейін жинайды. Мұндай көрсеткіштер терезелердің табиғи түрін сақтай отырып, таза энергия өндіруге мүмкіндік береді. Ерекше технологияның ауқымдылығы одан да әсерлі: компьютерлік моделдеу нәтижесі жабыны бар стандартты екі метрлік терезе күн сәулесін қалыпты деңгейден 50 есе жоғары шоғырландыра алатынын көрсетті. Мұндай тиімділік қажетті фотоэлементтер алаңын 75 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді, ал бұл жайт материалдық шығындарды айтарлықтай азайтады және жаңа сәулет мүмкіндіктерін ашады. Сынақ кезінде бұл материалдың тиімділігі нақты дәлелденді: диаметрі 3 сантиметрге жетер-жетпес прототип (материалдың сынаққа арналған нұсқасы) күн сәулесі тікелей түскен жағдайда 10 милливатты желдеткішті энергиямен қамтамасыз еткен. Айрықша жүйе тиімділігі жоғары фотоэлементтермен, соның ішінде күн сәулесін энергияға айналдырудың қосымша, жалпы тиімділігін арттыратын галлия арсенидпен жақсы үйлеседі. Көп қабатты пленкалар фототеңдеу әдісімен және полимерлеу арқылы дайындалады, ал мұндай процесс орау технологиялары арқылы өндірісті өнеркәсіптік көлемге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал жабынның ұзақ мерзім бойы сыртқы факторларға төзімділік танытатын қасиеті осынау технологияны жаппай енгізуге қолайлы етеді. Айрықша жүйе қолданыстағы терезе конструкцияларына оңай кірігетіндіктен ғимараттарды бастан-аяқ қайта жөндеуден өткізуді қажет етпейді, яғни, аз шығынмен қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік береді. Бұл технология ауыл шаруашылық жылыжайлары мен мөлдір күн панелдеріне қолдануға келеді.

 

0 пікір
Мұрағат