Араб елі мал базарын жаппай жауып жатыр
|

Естеріңізде болса, осыдан төрт ай бұрын Марокко монархы Мұхаммед ҮІ-тің пәрменімен биыл құрбандық шалуға тыйым салынғаны (қараңыз: Құрғақшылық жайлаған араб елінде мал басы күрт кеміп барады) турасында хабарлағанбыз. Қуаңшылықтан мал басының көп кеміп кетуіне байланысты. Бұл жайында islam.kz порталы en.yabiladi.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ел билігінің аталмыш тыйымына байланысты Құрбан айт мерекесі қарсаңында ел аумағындағы барлық мал базары жаппай жабылып жатыр. Бұдан бөлек, мал саудасына толық тыйым салынды. Қасиетті мейрам қарсаңында мал саудасынан әжептәуір табыс табатын маусымдық саудагерлер мен малшылар бұл тыйымнан аттап кете алмай отыр. Мұндай шара биыл бірінші рет емес, бұрын да бірнеше мәрте орын алғанын айта кетпекпіз. Мәселен, корол Хасан ІІ-нің тұсында, дәлірегі, 1963 жылы, сондай-ақ, 1996 және 1981 жылы да құрбандық шалуға тыйым салынған еді. Осыдан 4 ай бұрын аталған араб елінің ауыл шаруашылық министрлігі елдегі мал басының 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 38%-ға азайып кеткені жөнінде мәлімет таратқан еді. Қуаңшылыққа байланысты. Мал басын көбейту үшін ел билігі төтенше шараларды қабылдауға мәжбүр болды: мал импортына салынатын кеден салығы мен қосымша құн салығын алып тастады. Тек Марокко ғана емес, сонымен бірге, Алжир де құрғақшылық салдарынан мал басы кеміп, Құрбан айт қарсаңында шетелден бір миллион бас қой сатып алуға бел буғанын (қараңыз: Бір ғана араб елі Құрбан айт үшін шетелден бір миллион бас қой сатып алмақ) жазған болатынбыз.




