Ауыл мектебінің оқушысы сыныпқа арналған тазартқыш құрал ойлап тапты
Ауыл мектебінің оқушысы сыныпқа арналған тазартқыш құрал ойлап тапты
2 ай бұрын 495 aikyn.kz Маржан Омар. Фото: iStock

Абай облысы Аягөз ауданы Оспанқұл Меңаяқұлы атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Бейсен Бертан сыныптағы тазалықты жеңілдетуге арналған шағын құрылғы құрастырды,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Әдетте сыныпта еден жуылады, бірақ қоқыс сыпырылмайды. Сол себепті парта арасында ұсақ қоқыс жиналып қалады. Мен осы мәселені шешкім келді», – дейді оқушы.

Құралдың сызбасын өзі қағазға түсіріп, батарея мен қосқыштың орнын анықтады. Корпусын пластик қораптан жасап шықты. Ішіне айналмалы щетка орнатып, қозғалтқышты батарея арқылы іске қосты. Құралды мектеп жағдайында сынақтан өткізіп, сынып ішінде қолданып көрді.

Бұл тәжірибе оған тұрмыстық қалдықты қайта пайдалану жолын, электр тізбегін жинауды және шығармашылық ойды дамытуды үйретті.

«Алдағы жоспарым – құралды жетілдіріп, қуатын арттыру. Сонда ол басқа сыныптарда да қолдануға ыңғайлы болады», – дейді Бертан.

0 пікір
Мұрағат