Жапондар Күн энергиясын қалай игеруде?
Жапондар Күн энергиясын қалай игеруде?
8 жыл бұрын 10514 qamshy.kz

Күн энергиясын өндіруден алдыңғы орында тұрған Жапонияда өндірілетін Күн энергиясының мөлшері 450000 кв. Бұл бүкіл Еуропа елдерінен екі есе, Америкадан үш есеге артық. Күншығыс елінде өндірілген Күн энергиясының 90 пайызы түрғын үйлерде пайдаланылады. Жапония тұрғындарының қоршаған ортаны сақтауға деген саналы түрдегі қатынасы үлгі тұтарлық. Өз ауласының ғана емес, бүкіл жер шарының экологиясы үшін қам жеуді әр жапон өзіне парыз деп біледі. Энергетика саласында да табиғатқа зиян тигізбеу жан-жақты ойластырылған. Күн энергиясының артықшылығы неде? Күн батареясының тұрғындарға зияны жоқ, тұрмыс-тіршілікке кедергі келтірмейді. Үйдің шатырына орнатылған Күн батареясы жиі ауыстыруды, орнынан қозғауды қажет етпейді. Алайда, Күн батареясының жұмысына ауа райы әсер етуі мүмкін. Күн көзін бұлт көлегейлегенде батареяның энергия шығаруында кедергі болуы мүмкін. Жапон энергетиктері бұдан да шығар жолды қарастырған. Яғни, Жапонияда Күн батареясы орнатылған тұрғын-үйлер күндіз Күн батареясымен қуаттанса,  түнде энергия қордаланған қосымша батареяны пайдалану мүмкіндігіне ие. Күншығыс елінің Үкіметі Күн энергиясын өндіруді он есеге ұлғайту үшін кешенді істер атқаруда. Күн энергиясының өндірісі шын мәнінде көзделген межеге жетсе, 1180 000 кв шикі мұнайды үнемдеу мүмкіндігі туады. Күн энергиясы он жыл бұрынғы көрсеткіштен он есе мол өндірілсе, осындай мөлшердегі мұнайдың жануынан шыққан көміртек диоксиді элдеқайда азаяды екен. Жапон мамандары теңіз толқындарынан энергияның жаңа түрлерін өндіруге кіріскен. Теңіз қауіпсіздігін теңіздің өз энергиясымен қамтамасыз етуге болады деген сөз. Жапонияның «Теңіздегі қауіпсіздікті сақтау» агенттігі 1950 жылдан бері табиги энергияны зерттеу, теңіз энергиясын өндіру ісімен айналысып келеді. Оның себебі, теңіз үстіндегі маяк, жағалау белгілері, жалғыз-жарым аралдар немесе риф (жерасты жартасы) жиі кездесетіндіктен, теңізді өз энергиясымен қамтамасыз ету қажет деп есептейді  мамандар. Жапония жағалауларында маяктар 5500 жылдан бері бар. Қазіргі кезеңде соның 54 пайызы, яғни 3000-ы табиғи энергиядан қуат алады.  Алдағы уақытта олардың санын 80 пайызға дейін көбейту жоспарланған. Бүгінде энергия түрлерінің ішінде ең тиімдісі Күннің қуат көзі болса, одан кейін теңіз толқының энергиясы. Энергия өндіретін қондырғының алғашқысы 1965 жылы Осака шығанағындағы су асты жартасына орнатылды. 2002 жылы турбинаны айналдырып, су ағысынан энергия шығаратын риф пайдаланыла бастады. Осындай әдіспен табиғи энергияны пайдаланатын қуат өндіруші қондырғының кемшілігі де бар көрінеді. Яғни, теңіздегі қондырғының көмегімен өндірілетін энергия мөлшері ауа- райына тәуелді. Теңіздегі қауіпсіздікті сақтау агенттігі энергиямен тұрақты түрде қамтамасыз ету үшін Күн энергиясы мен толқын қуатын қатар пайдалануды жүзеге асыруда. Жаздың күні Күннің қызуы күшті болады. Теңіз беті көбіне тымық күйде болғандықтан жылдың бұл мезгілінде Күн энергиясы  пайдаланылады. Ал бұлтты күні теңіз бетін дауылдатқанда тулаған тоқындар энергияны молынан беретіндіктен, қыста энергия теңіз суының ағысы арқылы өндіріледі.

0 пікір
Мұрағат