|
Mешіт туристер ең көп баратын әлемдегі он нысанның құрамына енді
|
TripAdvisor платформасының есебіне сәйкес Әбу-Даби қаласындағы шейх Зайыт мешіті әлемнің ең танымал он нысанның құрамына енген. Дәлірегі, танымалдылығы жағынан күллі әлем бойынша 8-ші орыннан, ал Таяу Шығыс аймағында бірінші орыннан көрінген. Бұл жайында islam.kz порталы Khaleej Times ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Сәулеті мен сәні бөлек мешіт өткен жылғы позициясынан екі саты жоғары көтерілген. Бұл бағыттағы зерттеу күллі әлемдегі 8 млн нысанды қамтыған. Сол 8 млн нысанның арасынан топ жарып, сегізінше орынға жайғасқан. Шейх Зайыттың ғибадат ғимараты саяхатшылардың болжамы бойынша да әлемнің ең танымал 10% көрікті жерлерінің қатарынан ойып тұрып орын алған. Мұндай жетістікке қызмет көрсету сапасын арттыру жөніндегі стратегиялық шаралар мен мәдіни бағдарламалар себеп болған. Бұл мешітке жыл сайын әлемнің әр түкпірінен жеті миллионнан аса адам келеді. Аумағы мен ауласында көрме, кітапхана, мәдени орталық, т.б. кездесетін мешітте 14 тілде ақпарат таратылады. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандар мен ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған бағдарлама да жұмыс істейді. Исламның келбетін танытуда ерекше орны бар мешіттің тек діни қызметі ғана емес, сонымен қатар, мәдени маңызы да айрықша.