Сарапшылар: Алдағы 10 жылда Орталық Азиядан алпауыт техкомпаниялар шығады
Сарапшылар: Алдағы 10 жылда Орталық Азиядан алпауыт техкомпаниялар шығады
1 ай бұрын 2075 24.kz Ернат Рахметолла

Әлемде 1,5 мыңға жуық технологиялық компания бар. Олардың капиталы 1 миллиард доллардан асады. Бұл туралы 24.kz ақпарат көөзі хабарлады.

Бірақ, арасында Орталық Азиядан өкілдер жоқтың қасы. Десе де осы теріс үдеріс жақсы жаққа өзгеруі мүмкін. Алдағы 10-15 жылда біздің аймақтан ірі технокомпаниялар шығады деген үміт бар. «Силикон алқабында» алғаш рет өткен конференцияда осындай болжам жасалды. Конференция Калифорниядағы атақты Yerba Buena Center for the Arts орталық залында өтті. Ол жерде кезінде Apple-дың негізін қалаушы Cтив Джобс алғашқы смартфонын таныстырған. Орталық Азияны Кремний алқабында насихаттап жүрген Silkroad Innovation Хабы осы алаңды әдей таңдап алды.

Әсет Әбдуәлиев, Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы, конференцияны ұйымдастырушы: - Бізде стартапшыларға қарағанда венчурлы инвесторлардың көп болуы аймағымызға деген қызығушылықтың жоғары екендігін білдіреді. Олар біздің өңірмен танысуға дайын. Ақылды венчурлы компаниялар ең мықты стартаптар бағаланбай жүрген аймақтардан шығатынын жақсы біледі. Орталық Еуразия – сондай аймақ. Біздің өңірден де болашақта Марк Цукербергтер, Джефф Безостар, Стив Джобстар шығып қалар. Біздің конференция таныстыру алаңына айналды.

Конференцияға стартап иелері, инвесторлар мен ірі компания басшылары қатысты. Орталық Азиядан делегаттар да сөз тізгінін алды. Еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі отандық стартаптар нарығының қалай дамып жатқанын айтып берді.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі: - Бізде жасанды интеллект, блокчейн, геймдев сияқты технологиялар қатты дамып жатыр. Нарық та, кәсіпкерлер де өте белсенді. Стартаптар мен кейстер бәріне анық көрініп тұр. Қаржы құйылып, мультимиллиардты компаниялар пайда болып жатыр. Барлық жоғары технологиялы компаниялар жұмысын жай стартап ретінде бастағаны белгілі.

«Курсера» компаниясының директоры болашақ білім берудің жасанды интеллектімен байланысына кеңірек тоқталды. Жасанды зердені бизнеске кіріктіру арқылы ғаламдық экономика 2030 жылға қарай 15 триллион долларға өсуі мүмкін. Яғни, компаниялардың 7%-не жасанды интеллектімен жұмыс дағдысы бар қызметкерлер ауадай қажет болмақ. Үкіметтің жасанды зердені енгізуге дайындығы бойынша Қазақстан АҚШ, Сингапур, Британия мен Түркиядан кейін бесінші орында тұр.

Джефф Маджионкалда, Coursera компаниясының бас директоры: - Мұнда Орталық Еуразиядан келген өте ақылды, еңбекқор, мұраты асқақ адамдар көп. Онлайн оқу мен жасанды интеллектінің арқасында оқу және жұмыс істеу мүмкіндігі қазір барлық адамға бірдей беріліп отыр. Сондықтан Орталық Еуразия тұрғындары бұл трендке елеулі күшке айналмақ.

Silkroad Innovation Hub жұмысын бастаған алғашқы жылы миллион доллар инвестиция тартты. Ендігі мақсат – осы қарқынды күшейту және шетел инвесторларын Орталық Азияға көптеп тарту. Конференцияны ұйымдастырушылар біздің аймақты техөндіріс картасында ерекше көрсететін уақыт келді деп есептейді.

Авторы: Ернат Рахметолла

0 пікір
Мұрағат