10 мың гектардан артық жері барлар мал ұстауға міндеттеледі
10 мың гектардан артық жері барлар мал ұстауға міндеттеледі
2 сағат бұрын 49 naryk.kz

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа агроөнеркәсіп кешенін дамыту шаралары туралы баяндады.

Үкімет басшысы 10 мың гектардан астам жері бар жер пайдаланушылар үшін мал шаруашылығын жүргізу міндетті талап ретінде енгізілетінін айтты. Бұл талап орындалмаса, жерді қайтарып алу шараларына дейін қолданылуы мүмкін.

Премьер-министрдің айтуынша, мұндай шара ауылдағы жұмыссыздықпен күресу үшін қажет. Себебі6 ірі жер иелерінің кейбірі тек маусымдық жұмыс істейді, ал қалған уақытта ауылдарда жұмыссыздық өседі.

Сондай-ақ, Бектенов өсімдік шаруашылығы инвестициялар мен технологиялардың арқасында дамып жатқанын, ал мал шаруашылығының өсімі небәрі 2–3% деңгейінде қалып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі қарқын елдің өзін-өзі қамтамасыз ету, өңдеу және экспорт мәселелерін шешуге жеткіліксіз. Салада ветеринария, ғылым және кадр дайындау бағытында да қиындықтар бар.

Жағдайды жақсарту үшін мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары дайындалған. Ол мыналарды қамтиды:

  • асыл тұқымды мал сатып алуға жеңілдетілген несиелер;
  • мал шаруашылығымен айналысатындардың балаларына білім гранттары;
  • көшпелі (отарлы) мал шаруашылығын дамыту және қолдан ұрықтандыру технологияларын енгізу.

Баяндаманың тағы бір басым бағыты – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту. 2026 жылы Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін ірі өнеркәсіптік парк іске қосылады. Бұл Қазақстанға треонин мен глутаматты әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Жоба қытайлық Fufeng Group компаниясына тиесілі.

Жаңа зауыт жыл сайын 3 млн тонна жүгеріге кепілді сұраныс қалыптастырады. Ал Қазақстанда қазіргі уақытта шамамен 1 млн тонна жүгері өндіріледі.

0 пікір
Мұрағат