Абай облысында тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты
Абай облысында тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты
2 ай бұрын 549 kaz.inform.kz Эльмира Оралбаева, Назым Бөлесова

KAZINFORM - Қазақстанда халықтың денсаулығын нығайту және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Ішімдіксіз ауыл» жобасы нақты нәтиже беріп жатыр. Соның жарқын мысалы ретінде Абай облысы Бесқарағай ауданына қарасты Бірлік ауылы ерекше танылып отыр, - деп жазды Polisia.kz.

2025 жылы ауыл тұрғындары бірауыздан қабылдаған шешімнің нәтижесінде Бірлік ресми түрде ішімдіксіз ауыл деп жарияланды. Бұл бастама тек қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде жүзеге асырылып отыр: бүгінде ауыл дүкендерінде алкоголь өнімдері мүлде сатылмайды, ал 350 тұрғынның барлығы дерлік ішімдік тұтынудан бас тартқан.

Ауылдағы маңызды шешім жергілікті әкімдік, учаскелік полиция инспекторы, ақсақалдар кеңесі, белсенді жастар мен кәсіпкерлердің қатысуымен өткен жиында қабылданды. Қоғамдық пікір ескеріліп, ортақ мүдде үшін тарихи әрі жауапты қадам жасалды.

Жақында Бесқарағай ауданына іссапармен барған Абай облысы Полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров ауыл әкімі Қайратбек Шингискенов пен учаскелік полиция инспекторы Думан Еркінбековке арнайы алғыс хат табыс етті.

– Құқық бұзушылықтың алдын алу – бұл тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бірлік ауылы егер әркім өзгерісті өзінен бастаса, нақты нәтиже болатынын дәлелдеп отыр, – деді ол марапаттау барысында.

Өз кезегінде учаскелік инспектор Думан Еркінбеков бастаманың мән-маңызы туралы айтты.

– Біз келешек ұрпаққа таза әрі қауіпсіз орта қалдырғымыз келеді. Ішімдіктен бас тарту – ерлік емес, бұл – саналы таңдау. Бірлік ауылы дәл осы жолды таңдап, өзгелерге үлгі болып отыр, – деп атап өтті.

Қазір ауылда салауатты өмір салтын насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алу шаралары жүргізіліп, ақсақалдар кеңесі өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жатыр.

Жергілікті тұрғындар да бастаманы толық қолдап отыр.

– Ішімдіктен бас тарту арқылы біз тек өзімізді ғана емес, ұрпағымызды да қорғаймыз. Балаларымыз ішімдіктің не екенін білмей өссе, бұл – үлкен жетістік, – дейді ауыл тұрғындары.

 

Эльмира Оралбаева

Қостанай облысында 17 ауыл ішімдіктен бас тартты

KAZINFORM – Қостанай облысында алкогольге тәуелділікті азайтуға, құқық бұзудың алдын алуға және салауатты мәдени ортаны қалыптастыруға бағытталған «Мәдени қоғам» жобасы белсенді жүзеге асырылып жатыр. 

Жобаның ең маңызды жетістіктерінің бірі өңірдегі 17 ауылдың алкогольден толық бас тартуы болды. 

Бұл ауылдар салауатты өмір салтының үлгісін көрсетіп, өзге елді мекендерге бағдар болып отыр.

Жоба қоғамдық қолдаумен іске асырылып жатыр. Қалалар мен ауылдарда құрметті ақсақалдар, дін өкілдері, белсенді азаматтардан құралған қоғамдық комиссиялар жұмыс істейді. Олар алкогольге тәуелді жандарға көмектесіп, рухани қолдау көрсетіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Сондай-ақ «Мәдени қоғам» аясында ішімдік сататын орындарға рейдтер ұйымдастырылады. Рейдке полиция, еріктілер мен БАҚ өкілдері қатысады. Түнгі уақытта немесе кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімін сату бойынша биыл жыл басынан бері 217 заң бұзушылық анықталған.

Облыстық ПД бастығының орынбасары Аманжол Байзақовтың айтуынша, 7 айда мас күйінде жасалған қылмыстар 3,3%-ға азайған. Алайда қоғамдық тәртіпті жиі бұзатын, отбасылық жанжал шығарушылар мен ішімдік ішуге әуес адамдарды бақылау жұмыстары жалғасуда.

Жыл басынан бері сот 2600 адамға алкоголь тұтынуға тыйым салу туралы шешім шығарған, оның ішінде үй жағдайында да.

«Мәдени қоғам» жобасы Қостанай облысында 2024 жылғы қыркүйектен бастап жүзеге асырылуда. Жобаның басты мақсаты — құқық бұзушылықтың алдын алу, зиянды әдеттермен күресу және салауатты мәдени ортаны дамыту. 

Айта кетелік Қостанай облысының тұрғындарына жылуға жұмсалған 106 млн теңге қайтарылады. 

Назым Бөлесова

 

0 пікір
Мұрағат