Әріптесінің жұмысын істеген жағдайда мекеме қосымша ақы төлеуге міндеттелді
Әріптесінің жұмысын істеген жағдайда мекеме қосымша ақы төлеуге міндеттелді
1 сағат бұрын 37 naryk.kz

Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Енді жұмыс берушілер уақытша жұмыста жоқ әріптесінің міндетін атқаратын қызметкерлерге міндетті түрде қосымша ақы төлеуге тиіс. 

Бұған дейін Еңбек кодексінде егер қызметкердің лауазымдық нұсқаулығында әріптесін алмастыру міндеті көрсетілсе, жұмыс беруші қосымша ақы төлемеуге құқылы болатын. Көптеген компаниялар осы норманы пайдаланып, қызметкерлерге қосымша жұмысты ақысыз жүктеп келген.

Енді бұл ерекшелік алынып тасталды. Яғни, лауазымдық нұсқаулықта мұндай міндеттің болуы жұмыс берушіні қосымша ақы төлеу міндетінен босатпайды.

Қандай жағдайда қосымша ақы төленуі тиіс?

Жаңа талап қызметкер уақытша басқа адамның міндетін атқарған жағдайда қолданылады. Мысалы:

  • жыл сайынғы еңбек демалысы кезінде;
  • ауырып қалғанда;
  • іссапар уақытында;
  • қызметкер басқа да себеппен уақытша болмаса.

Алайда, қосымша жұмыс мекеме тарапынан белгіленген тәртіппен ресімделуі қажет.

Айта кетерлігі, Заң жұмыс берушіні қосымша ақы төлеуге міндеттейді, бірақ оның ең төменгі мөлшерін белгілемейді. Төлем көлемі қызметкер мен жұмыс берушінің өзара келісімімен анықталады.

Кеңес

Егер жұмыс беруші сізге уақытша жоқ әріптестің жұмысын атқаруды тапсырса, мамандар:

  • алмастырудың бұйрықпен немесе қосымша келісіммен рәсімделгеніне көз жеткізуге;
  • қосымша ақының мөлшерін алдын ала келісуге;
  • қосымша міндеттерді орындағанын растайтын құжаттарды сақтауға;
  • дау туындаса, алдымен жұмыс берушіге жазбаша жүгініп, кейін мемлекеттік еңбек инспекциясына шағымдануға кеңес береді.

0 пікір
Мұрағат