Биылдан бастап колледждер оқу бағасын өздері белгілейді
Биылдан бастап колледждер оқу бағасын өздері белгілейді
10 жыл бұрын 3595 inform.kz

Биылдан бастап колледждер оқу бағасын өздері айқындайды. Бұл туралы бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің кәсіптік-техникалық кадрларды даярлау жөніндегі салалық кеңесі барысында ведомствоға қарасты Білім, ғылыми жұмыстар және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Дінислам Болатханұлы мәлім етті.

«Кеше ғана ҚР Премьер-Министрінің кеңсесіне 2016-2017 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту жөніндегі қаулы жобасы енгізілді. Онда колледждердің әрқайсысының төлемақысы дифференциалды болатындығы көрсетілген. Яғни, әр колледжде дайындап жатқан мамандықтардың ерекшеліктеріне қарай бағасы нақтыланды. Көптен бері жасай алмай жүрген дүниеміз еді. Соны биыл жасадық»,-  деді ол.

Сонымен қатар ол биылдан бастап Қазақ ұлттық хореография академиясы жұмысын бастайтындығын, ол да біздегі жоғары оқу орындары сияқты мамандарды барлық білім беру деңгейлері бойынша оқытатындығын атап өтті.

«Соның ішінде Қазақ ұлттық хереография академиясының колледжіне 55 мемлекеттік білім беру тапсырысы қарастырылып отыр. Өткен жылы жоспарланған мемлекеттік тапсырыс бойынша 300 орынға 768 талапкерден өтініш келіп түсті. Қабылдау конкурстарында мамандықтар бойынша талапкерлер 1 орынға 2,8 адамды құрады», - деді Д.Болатханұлы.

0 пікір
Мұрағат