Дәстүрлі банктердің исламдық банкингпен айналысуы: күмән мен мүмкіндік
|

Дәстүрлі банктердің исламдық терезе ашып, осы бағытта жұмыс істеуі ислам банкингінің дамуы ма, әлде керісінше ислам банкингінің қағидаларын толық сақтамау ма? Бұл туралы Islamic Finance and Business Forum 2025 исламдық қаржы және бизнес форумында Zaman Bank ислам банкінің басқарма төрайымы Гүлфайруз Асаева айтып берді.
Дәстүрлі банктердегі исламды терезесі қаншалықты дұрыс?
«Дәстүрлі банктерге исламдық терезелерді енгізу бастамасы – біз үшін қуантарлық жағдай. Бұл ретте реттеуші орган халық тарапынан үлкен қызығушылық барын ескеріп, нарықты ынталандырып, ислам қаржы құралдарын қолжетімді ету қажеттігін түсініп отырғанын көрсетеді. Біз толыққанды ислам банкіміз және осы мәртебеге жету үшін үш жыл бойы тынымсыз еңбек етіп, арнайы исламдық лицензия алдық», — деп бастаған банкир бұл жағынан өзінің күмәнін де жасырмады.
«Сонымен қатар, исламдық терезелерді енгізу кейбір күмәндер мен алаңдаушылықтар тудырады. Өйткені, мұндай терезелер, әдетте, 5–10 жылға уақытша шешім ретінде беріледі – сол уақыт ішінде бизнес-процестерді, корпоративтік мәдениетті исламдық банк талаптарына сай қайта құру керек болады. Бұл оңай шаруа емес. Біз бұны өз тәжірибемізден жақсы білеміз – бұл жол бізге үш жылға созылды», — дейді ол.
Асаеваның айтуынша, дәстүрлі банктерде исламдық терезелер ашу мәселесі жеке өз басымда белгілі бір күдік тудырады. Себебі, бұл клиенттерге қатысты әділетсіздікке әкелуі мүмкін.
«Біз олардың (дәстүрлі банктердің — ред.) ішкі жүйесінде не болып жатқанын білмейміз. Ал бізде бәрі ашық: шариғат аудиті өтеді, ресми аудит те жүргізіледі, реттеуші органмен тұрақты диалог бар – бәрі бақыланып отырады», — дейді.
Ал дәстүрлі банктерде бұл қалай жүзеге асатыны белгісіз. Асаеваның айтуынша, дәстнрлі банктердегі ислам терезесі мешіттің ішіндегі «халал» лотерея сататын дүңгіршекке ұқсар еді.
«Біз клиентке шынайы құндылық беруіміз керек. Клиент бізге халал өнімге қол жеткізу үшін келеді. Егер біз ішкі процестерде бір нәрсені дұрыс жасамасақ, әділетсіздікке жол берсек – бұл бүкіл сенімділікті жояды. Дегенмен менің ойымша, бұл салада әртүрлі ойыншылар болғаны дұрыс және клиент үшін әділ, ашық бәсекелестік болуы керек. Таңдау мүмкіндігі – кез келген нарықтың өсуінің негізі», — дейді банкир.
Оның пікірінше, 2017 жылы ислам банкингі саласын дамыту оңайға соққан жоқ. Ашық айтқанда, ол кезде бәрі қараңғыда адасқандай күйде болды, өйткені жүйе толық қалыптаспаған, әлі де жетілмеген еді. Бұл жолға түсу үлкен батылдық пен табандылықты талап еткен.
Дегенмен, Асаеваның пікірінше, дәстүрлі банктердегі исламдық терезелер де еңбек нарығына да серпін береді. Исламдық банкинг саласында тәжірибесі бар мамандар қазір ерекше сұранысқа ие, өйткені оларда осы бағытта нақты сараптама мен дағдылар бар.
ҚҚС мурабаханы қымбаттатады
Сонымен қатар. Асаеваның айтуынша, ҚҚС (қосылған құн салығы) мәселесінде дәстүрлі және ислам банктері арасында теңсіздік бар.
«Мысалы, ислам банкі мурабаха секілді өнімді ұсынғанда, бұл өнімді жеке тұлғаға сату көзделеді. Ал жеке тұлға ҚҚС төлеуші емес, сондықтан бұл салықты банк өз мойнына алуға мәжбүр. Нәтижесінде өнімнің құны артып, ол бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Бұл мәселе бойынша заңнамада әлі де жұмыс жүргізуіміз керек», — дейді.
Оның айтуынша, банк Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығымен осы мәселе бойынша диалог жүргізіп, тиісті хаттар дайындап жатыр.
«Өйткені, біз болмасақ, бұны ешкім істемейді. Біздің жұмысымыздың мәні – клиентке ыңғайлы әрі құнды қызмет көрсету. Клиент банкпен жасалатын мәмілелердің ашық, әділетті және этикаүа сай болуын қалайды», — дейді.
Банкирдің айтуынша, көптеген клиенттер банктермен қарым-қатынаста өзін алданғандай сезінеді. Банктер өздерін бір мекеме сияқты ұстап, клиент оларға қызмет етуі керек секілді көзқарасқа көшкен. Ал шын мәнінде олар клиентке қызмет көрсетуі керек.
Он адамның бірі ғана ислам қаржысының не екенін біледі
Асаеваның айтуынша, көптеген клиенттер ислам банкі не екенін, ислам қаржысының қалай жұмыс істейтінін, дәстүрлі банктерден айырмашылығын білмейді. Кейбіреулер бұл қызметтерді тегін деп те қате түсінеді.
2024 жылғы «Қазақстандағы исламдық қаржыландыру нарығына шолу» есебінің деректеріне сәйкес, халықтың исламдық өнімдер туралы хабардар болу деңгейі бар болғаны 10%-ды құрады. Ал респонденттердің 45%-ы исламдық банкингпен мүлдем таныс емес екенін айтқан.
Айта кетейік, Ұлттық банк мәліметінше, берілген несиенің 0,39%-ы ғана «халал қарыз».




